"Алтыншы күн комада жатыр":19 жасар қыздың үстіне ағаш құлап кеткен
Алматыдағы Бауым тоғайында үстіне алып қураған ағаш құлаған 19 жастағы Селин Абитова алтыншы күн қатарынан комада жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Селиннің әпкесі Ясминнің айтуынша, қайғылы оқиға 27 маусым күні шамамен сағат 15:00-де болған.
Ясмин сіңлісі аса ауыр жарақат алғанын айтады.
Ясминнің сөзінше, Селиннің үстіне құлаған ағаш толықтай қурап кеткен. Алайда Бауым тоғайында дәл осындай құлау қаупі бар ағаштар әлі де жеткілікті.
Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні бірден полицейлер келіп, қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Ал Селиннің үсіте құлаған ағаш сараптамаға жіберілген.
Алматы әкімдігі бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әкімдік мәліметінше, Бауым тоғайының аумағында келушілерге ағаштардың құлау қаупі бар екенін ескертетін арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылған.
Сондай-ақ 2026 жылы тоғай аумағындағы 2 мың апатты, қураған және ауру ағашты санитарлық мақсатта кесуге рұқсат берілген.
Қалған қураған және апатты ағаштарды кесу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Әкімдік Бауым тоғайы 1877 жылы құрылғанын және ондағы ағаштардың 70 пайыздан астамы биологиялық тұрғыдан қартаю кезеңіне жеткенін атап өткен.







