«Бір әйел аяғынан айырылды»:Жүргізуші куәлігі жоқ қыз ауладағыларды соғып кеткен
Түнгі сағат 01:00 шамасында туған күн тойлап отырған отбасының шырқын ауласына кірген жеңіл көлік бұзған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, бәрі көзді ашып-жұмғанша болған.
Алғашында көлікте тек жүргізуші болғаны айтылса да, кейін тұрғындар көлік салонында үш адамның болғанын жеткізген. Олардың мәліметінше, рөлге жүргізуші куәлігі жоқ 23 жастағы бойжеткен иелік еткен. Ал көліктің иесі артқы орындықта болған, оның жанында тағы бір жігіт отырған көрінеді.
Куәгерлердің сөзінше, оқиғадан соң көлік иесі оқиға орнынан бой тасалаған және кейіннен көлікті ешкімге бермегенін айтқан.
Жол апаты салдарынан екі әйел ауыр жарақат алған. Олардың бірінің бірнеше қабырғасы сынса, екінші әйелдің жарақаты аса ауыр. Дәрігерлер оның аяғына ампутация жасауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Жәбірленушілердің жақындары жедел жәрдем қызметінің кешігіп жеткеніне де наразылық білдірген.
Зардап шеккендердің бірі Шамалғандағы ауруханаға жеткізілсе, аяғынан айырылған әйел Қалқаман ауруханасына жатқызылған.
Жәбірленуші тарап істің объективті тергелуіне алаңдаушылық білдіруде.







