Мемлекет 22 млрд теңге айыппұлды кешірді
Елде
1,3 миллионнан астам адамның айыппұлы кешірілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Әкімшілік рақымшылық туралы заңның шапағатын 590 мың азамат көрген. Осылайша тәртіп бұзғандардың айыбы, қарызға батқандардың берешегі кешірілген.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әкімшілік амнистияның шапағатын кімдер көрді? Сарапшылардың пікір-пайымы қандай? Мемлекеттің мейіріміділігін көргендердің бірі Дарын Шадиярұлы. 26 жастағы жүргізуші жол бойындағы камералардың көзіне түсіп, бір мезетте оннан астам айыппұл арқалаған. 300 мың теңгеге жуықтаған қарызынан құтыла алмай, шоттары бұғатталады. Тірлігі тұралап, берешегіне басы қатып жүргенде кенет хабарлама келеді.
Дарын Шадиярұлы, Тараз қаласының тұрғыны:
-Маған 1414-тен сообщение келді. Құрметті Дарын Шадиярұлы, сіздің осындай пртокол бойынша, осындай іс бойынша штрафыңыз алынып, амнистияға өтті, толығырақ қарап көрсеңіз болады деп. Түгелдей кешірілді почти, тек біреуі қалды. Кешірілген сумма примерно 270 мың теңге көлемінде штраф болды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы, тіпті ТМД елдері арасында тұңғыш жарияланған әкімшілік амнистияның шапағатын елдегі 590 мың азамат көрді. Нәтижесінде отандастарымыздың 1,3 миллионнан астам айыппұлы өшіріліп, 22 миллиард теңге қарызы кешірілді. Ал қоғамға қауіп төндіргендер мен жемқорлық жасағандар бұл ізігілікке ілікпейді.
Мұрат Қабденов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
-Рақымшылық – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Жауапкершілікке тартылмаудың ең дұрыс жолы құқық бұзбау.
Әкімшілік амнистия ел экономискасына аса салмақ салмауы мүмкін. Бірақ бұдан қауіптісі мемлекет мейірімділік танытады екен деп масылдыққа малданғандарды көбейтіп алу дейді мамандар.
Айбар Олжай, экономист:
Әкімшілік амнистиядан бөлек еліміз егемендік алғалы 14 мәрте рақымшылық жариялады. Темір торға тоғытылғандардың түзелуіне берілген биылғы мүмкіндікке 15 мыңнан аса сотталушы ілікті. Тек суық қару сатумен айналысқандар мен елді есірткіге еліткендерге, адам өлтіруі сынды аса ауыр қылмысқа барғандарға кешірім жоқ.







