Көпшіліктен ақша жинаған жігіт сотталды
Әскери қызмет кезінде зорлық көрдім дегені жалған екені анықталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жігіт биыл ақпан айында анонимді парақша арқылы әскери қызметте өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбасында ақша аударуға арналған банк деректемелерін де жариялаған. Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік желі қолданушыларының бірі шағымданғаннан кейін тексеру жүргізілген.
Жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды. Ақша жинау үшін ол мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. 2 күннің ішінде бұл шотқа 15-тен аса ақша аударымы түскен. Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады, – деп мәлімдеді ІІМ.
Аталған дерек бойынша алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптарымен қылмыстық іс қозғалған. Сот оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын тексерілмеген ақпаратқа сене бермеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды. Сонымен қатар, тек ресми ақпаратқа сену қажет екенін ескертті.







