Жүргізушілерге жаңа талап: 65-тен асқандарға не өзгерді?

1 506

Фото; PinterestӘлеуметтік желіде 65 жастан асқан жүргізушілерге жаңа талаптар енгізілгені туралы ақпарат тарағаннан кейін ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасап, "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістерге түсініктеме берді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту талабы жаңа емес. Бұл норма 2014 жылы күшіне енген "Жол жүрісі туралы" заңнан бері қолданыста.

Енді денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері біріктірілгендіктен, жүргізушінің міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер автоматты түрде екі ведомство арасында алмасады.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар бұрынғыдай екі жылда бір рет жүргізушілерге арналған медициналық тексеруден өтеді.

Оның нәтижесі жүйеде автоматты түрде көрінетіндіктен, қосымша анықтама тапсырудың немесе ішкі істер министрлігіне хабарласудың қажеті жоқ.

"Жүргізуші куәлігін қайта рәсімдеу немесе мерзімінен бұрын ұзарту талап етілмейді. Азаматтар үшін ешқандай жаңа бюрократиялық рәсім енгізілмейді", – деді Құралай Карина.

Сонымен қатар министрлік әлеуметтік желілерде заңдағы өзгерістерге қатысты жалған ақпараттың таралуына байланысты блогерлер мен ақпараттық платформалар иелерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Ведомство жалған мәлімет таратқандар заң алдында жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.