Пәтерде 6 ай тегін тұрады: Отбасы банк жаңа бағдарламасын таныстырды
Отбасы банк қазақстандықтарға арналған жаңа “Ипотекаға дейінгі кілттер” бағдарламасын таныстырды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оған сәйкес салымшылар бағалау көрсеткіші 5-ке көтерілгенше пәтерде 6 ай тегін тұра алады. Айрықша мүмкіндік Gate City тұрғын үй кешенінен үй алғандарға беріліп отыр. Жаңа бағдарлама жайлы компания өкілдері “Ипотека Day” шарасында айтып берген.
"Қазіргі ереже бойынша аралық заем алу үшін бағалау көрсеткіші (ОП) 5-ке жетуі керек, ол үшін 50% ақшаны салып, шамамен 6 ай күтесіз. Бұл айларда “қайда тұрамын?” деген үлкен проблема туындайды. Әсіресе, жас отбасыларға, бір бөлмелі үйін сатып, екі бөлмеліге көшкісі келетіндерге немесе үй жалдап отырғандарға аренда мен ипотеканы қатар төлеу өте қиын. Сол себепті біз “Nest Stroy” компаниясымен бірлесіп, "Ипотекаға дейінгі кілттер" жобасын бастадық. Сіз Gate City тұрғын үй кешенінен пәтер таңдап, депозитке 45–50% ақшаңызды құйсаңыз, осы таңдаған пәтеріңізде 6 ай бойы тегін тұра аласыз. Осы уақыт өткен соң несиені рәсімдеп, үйді өз атыңызға көшіресіз. Бағдарламада жас шектеуі жоқ: 40-та болсаңыз да, 60-та болсаңыз да қатыса аласыз. Баспананың тағы бір ерекшелігі — жөндеуі толық дайын, еденінде ламинат, қабырғасы сырланған. Сонымен қатар, базалық жиһаздары да бар: жатын бөлмеде төсек, тумбочкалар, шкаф, залында телевизор астына қоятын тумбалар, ал ас үйде ас үй жиһазы дайын тұр. Тек өзіңіз диван мен тұрмыстық техникаңызды аласыз”, – деді Отбасы банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Акшанов.
Механизм қалай жұмыс істейді?
Қатысу схемасы барынша қарапайым. Банк клиенті "Gate City" тұрғын үй кешенінен пәтер таңдап, оны брондайды.
Содан кейін ол Отбасы банкке келіп, депозит ашады және тұрғын үй құнының 50%-ын өзінің жинақ шотына салады, сондай-ақ өзінің төлем қабілетін растайды. Кейін клиент құрылыс салушымен алты айға дейінгі мерзімге жалға алу шартын жасасады. Кілттерді алып, пәтерге қоныстанады. Осы кезең ішінде депозиттегі бағалау көрсеткішінің мәні біртіндеп өседі. Ол кем дегенде 5-ке тең болуы тиіс. Мұндай мәнге әдетте 6 ай ішінде қол жеткізіледі.
Бағалау көрсеткіші 5 деңгейіне жеткеннен кейін клиент жылдық 8,5% мөлшерлемемен аралық қарыз алады және құрылыс салушымен сатып алу-сату шартын жасасады. Бұл ретте клиент тұрғын үйді жалға алу ақысын төлемейді. Тек коммуналдық қызметтерді ғана төлеу қажет.
“Ипотека Day” шарасы барысында қазақстандықтар пәтерлермен танысып, Отбасы банк қызметкерлерінен кеңес ала алды. Келушілерді тұрғын үй кешенінің аумағында мектептің болуы қуантқан. Нысан осы жылдан бастап жұмыс істейді. Келесі жылы балабақша ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жол инфрақұрылымы дайын және көлік қатынасы ұйымдастырылған.
Тілшіміз Gate City тұрғын үй кешенінен пәтер алуды жоспарлаған азаматтардан салымды тез көбейту және ақшаны ұтымды жинау туралы лайфхактарын да біліп көрді. Мәселен, көпбалалы ана Самал Серікқызы алдымен мақсатыңды және оның бағасын айқындап алу керек дейді.
Ал Бинур Жанқабылқызы үш пәтерін де Отбасы банк арқылы алған. Сөзінше, мемлекеттен беретін сыйақыны жыл сайын алу үшін ол отбасының әр мүшесіне шот ашқан.
Әрбір баспананың артында үлкен жоспар, асыл арман мен отбасылық жауапкершілік тұр, дейді банк салымшылары. Ал бүгінгі нарықтағы кедергілерге қарамастан, қаржылық сауаттылық пен жаңашыл ипотекалық шешімдер өз үйіңнің кілтін ұстауды едәуір жақындата түспек.







