Бала-бақшада тәрбиеші 1 жасар балаға күш қолданған

1 507

Фото: ©ЖИ арқылы жасалды/ChatGPTАтырау тұрғыны балабақшадағы тәрбиешінің бір жасар баласына ойына келгенін істеп, қорлағанын мәлімдеген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Оның сөзінше, болған жайт бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Сағат 11:30-да 12:30-ға дейін баламды қорлаған. Қолынан сүйреп, тұншықтырған. Дәретханаға жарты сағатқа алып кеткен. Ол жерде бейнекамера жоқ, сондықтан не болғанын білмеймін. Бірақ кіп-кішкентай баламды бір кабинеттен екіншісіне сүйреп жүрген. Жерге лақтырып жіберген. Балам өте кішкентай, ешкімге зияны жоқ», – дейді бүлдіршіннің анасы.

Анасының айтуынша, баласын үйіне алып келгеннен кейін ғана денесіндегі жарақаттарды байқаған. Бүлдіршіннің иығында тістің ізі, ал құлағының ішінде қанап тұрған тырналған жара болған.

«Баламды алып кетуге барғанымда ол өкіріп жылап тұрды, өксігін баса алмады. Үйге келген соң анам оның иығындағы тістелген ізді байқады. Құлағының іші тырналып, қанап тұрған. Содан кейін бірден балабақшаға хабарласып, бейнежазбаны көрсетуді сұрадым», – дейді ол.

Бүлдіршіннің анасы бейнежазбаны көргеннен кейін ғана балабақшада болған жағдайды білгенін айтқан.

«Камераны көргенде шошып кеттім. Бір қасықпен бес баланы тамақтандырған. Әр баланың аузына салып, кейін итеріп жібереді. Менің балам жерде жатыр. Басқа балалар үстінен аттап, аяғын басып жүр. Баламды қорлап жүр. Бетінен қайта-қайта соғады. Ешкім қарап жатқан жоқ», – дейді анасы.

Баланың әжесінің айтуынша, осы оқиғадан кейін бүлдіршін шошып қалған. Қазір ол жиі жылайды, қолдан түспейді. Сондай-ақ әжесі балабақшаға барған кезде әкімшілік немересін көруге ішке кіргізбегенін айтқан.