«Балаларыңызды тартып аламыз»: «Харекет» қорының пранкі желіде дау тудырды
“Харекет” қоры үй сыйлар алдында отбасыға пранк жасағаны үшін сынға қалды. Желі қолданушылары жалғызбасты ананы “балаларыңды тартып аламыз” деп қорқытып, әзілдесудің орынсыз екенін жарыса жазды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
“Харекет” қоры жариялаған видеода үш баласы бар жалғызбасты ананың ауыр тағдыры көрсетілген. Отбасы жағдайы төмен жұпыны үйде күнелтуге мәжбүр екен. Үйге Ақмарал Басирова келіп, өзін “балалардың құқығын қорғау комитеті қызметкерімін” деп таныстырып, үй-жай жағдайын сұрайды. Соңында балалар мұндай үйде өмір сүре алмайтынын және оларды алып кететінін айтады. Ана балаларын құшақтап, бермейтінін айтып жылайды. Балалар мен ананың жылаған кадрлары көптің көңілін босатты. Осы кезде Басирова кілтті ұсынып, оларға жаңа пәтер берілетінін түсіндіреді.
Алайда мұндай сценарий көпшілікке жақпай қалды. Олар онсыз да тағдыры ауыр жанның көңілімен ойнау орынсыз әзіл деп санады. Желі қолданушысы Шалқар Қуанышбаев балаларды қорқытуға болмайтынын жазады.
“Жесір ана мен үш бүлдіршіні жылап жатыр. Үй алғандарына қуанып емес, “Харекет” қорының пранкіне шошып жылап қалды. Ескі үйде тұрып жатқан отбасыға комиссия болып келіп, “Бұл үйде қалай тұрып жатырсыздар? Балаларды алып кетеміз” деп қорқытқан. Соңында үй сыйлап, пранк дейді. Айналайындар-ау, көмек берсеңдер, пранк жасамай-ақ беріңдерші. Онсыз да өмірден қажып, жүйкесі жұқарып кеткен адамдар ғой. Үй сыйлап қуантудың алдында оларды жылатып, балаларынан айырамыз деп қорқытудың не қажеті бар?”, – деді ол.
Көпшілігі маркетинг жұмысын өзгерту керегін айтады.
“Контент үшін ғой. Қазіргі маркетингте адамгершілік, эмпатия жоқ дерсің. Пранк/сранксыз-ақ, садақаны саламыз ғой”, “Мынау пранк басынғандық және бассыздық! Кімнің идеясы болса да, адамгершіліктен жұрдай екен. Халықтың ақшасы – аманат! Ойнап есерсоқтанып, мұқтаждың мұңымен ойнасын деп берген жоқ. Анасының моральды қалай қиналғанын елестету де қиын. Өзі қиналып тұрғанда”, “Балаларды видеоға түсірудің не қажеті бар? Үй алып, көмектестіңіздер, көп рахмет. Алайда мұның бәрін жарияға көрсетіп, балалардың түрін салып керек емес”, – деп жазды желідегілер.
Қаз
Рус






