Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы қонақүйі аукционда сатылмады
Қайрат Сатыбалды мемлекет меншігіне өткізген Double Tree by Hilton Almaty қонақүйі аукционда сатылмады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
9 қыркүйекте Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бұған дейін Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй ғимаратын электронды сауда порталына аукционға шығарған болатын. Сауда-саттық бағаны көтеру тәсілімен өтуі тиіс болған. Қонақүйдің бастапқы бағасы 12,7 млрд теңге, ал кепілдік жарнасы 1,9 млрд теңге болып белгіленді.
Аукцион бүгін, 25 қыркүйекте сағат 10:00-ге жоспарланған. Алайда қазір оның мәртебесі «Өтпеді» деп көрсетілген. Өйткені сауда басталған уақытта аукцион залына бірде-бір қатысушы тіркелмеген.
Сауда-саттықтың мәртебесі электронды порталда жаңартылды.
«Өтпеді. Электронды аукцион басталған кезде сатылатын нысан бойынша аукцион залында тіркелген қатысушылар болған жоқ», – деп көрсетілген лот мәртебесінде.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылғы тамызда қонақүйдің сыйға тарту шарты негізінде мемлекет меншігіне өткенін хабарлаған. Сол жылдың қыркүйегінде нысан Сот әкімшілігі департаментінің балансына берілген.
Осыған дейін экіс-депутат Ермұрат Бәпи Hilton қонақүйінде істейтін 250 қызметкерді ғимараттан күштеп шығарып жатқаныны мәлімдеген болатын.
Қаз
Рус






