Үй мысығы немесе ит тістеп алса құтыруға қарсы екпе салдыру қажет пе?
28 қыркүйекте бүкіл әлемде Құтыруға қарсы күрес күні атап өтіледі. Қазақстанда соңғы жылдары жануарлармен жанасқаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендер саны артқан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
2023 жылы - 49 849 адам;
2024 жылы - 49 693 адам;
2025 жылы - 60 153 адам.
Сонымен қатар адамдар арасында құтыру жағдайлары әлдеқайда сирек кездеседі:
2024 жылы Қазақстанда бұл аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ;
2025 жылы үш жағдай болды;
2026 жылы - біреу.
Анықтама: Құтыру - орталық жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті вирустық инфекциялық ауру. Адам бұл дертті ауру жануардан, көбінесе тістеген кезде, сондай-ақ зақымдалған теріге немесе шырышты қабаттарға сілекей тигенде жұқтыруы мүмкін.
Соңғы жағдайда адам қаңғыбас мысық тістегеннен кейін жұқтырған, деп хабарлады Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті біздің сауалымызға берген жауабында.
"Аурудың туындауына зардап шегушінің жануармен жанасқаннан кейін медициналық көмекке уақтылы жүгінбеуі себеп болған", - делінген жауапта.
Сарапшылар Қазақстанда тіркелген ауру жағдайлары көбінесе медициналық көмекке тым кеш жүгінумен байланысты екенін атап өтті.
Құтырудың ерекшелігі сол - белгілері пайда болған кезде ауру іс жүзінде емделмейді және өліммен аяқталады. Алайда, қауіпті жағдайдан кейін жараны мүмкіндігінше ерте өңдеп, алдын алу шараларын - вакцинациялауды, ал кейбір жағдайларда антирабиялық иммуноглобулин егуді бастаса, инфекцияның алдын алуға болады.
Анықтама: Антирабиялық иммуноглобулин - құтыру вирусына қарсы дайын антиденелері бар препарат.
Адам қалай жұқтыруы мүмкін?
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары, дәрігер-эпидемиолог Манар Смағұл тілшімен сұхбатында індетті үй жануарынан да жұқтыруға болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, адамдар көбінесе өз мысығы немесе иті, болмаса таныстарының үй жануары тістеп не тырнап алса, қауіпті жете бағаламай жатады.
"Құтыруды жұқтырудан ешкім сақтандырылмаған. Біз бұл ауруға жиі атүсті қараймыз және тіпті үй жануарының да инфекция көзі болуы мүмкін екенін қаперімізге ала бермейміз. Қауіп әрқашан бар", - деп ескертеді эпидемиолог.
Үй жануары жабайы аңдармен жанасқанда инфекция жұқтыруы мүмкін. Мысалы, саябақта серуендеп жүргенде тиін, тышқан немесе егеуқұйрық сияқты кеміргіштермен кездескенде, дейді сарапшы.
Ең басты мәселе - құтыру ауруы ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Манар Смағұлдың айтуынша, аурудың инкубациялық кезеңі бір жылға дейін созылуы мүмкін. Ал белгілері пайда болғаннан кейін жағдай өте қауіпті сипат алады.
"Құтырудың ең тән белгілерінің бірі - гидрофобия, яғни судан қорқу. Мысалы, шүмектен аққан судың дыбысы немесе оның сылдыры адамда үрей туғызуы мүмкін. Тағы бір белгісі - сілекейдің көп бөлінуі", - деп тізбектеді сарапшы.
Сондықтан дәрігер ауру белгілерін күтпей, ықтимал жұқтыру жағдайынан кейін алдын алу шараларын мүмкіндігінше ерте бастауға шақырады.
Тістеген немесе тырнаған жағдайдағы алғашқы әрекеттер: нұсқаулық
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда не істеу керектігін айтты.
1. Зақымдалған жерді дереу өңдеу керек. Алдымен жараны, тырналған немесе сырылған жерді сабындап, сумен жақсылап жуу қажет. Содан кейін жараның шеттерін йодпен зарарсыздандырып, стерильді таңғыш қою керек.
2. Осыдан кейін аурухананың травматологиялық пунктіне немесе хирургиялық кабинетіне жүгіну қажет.
"Тіпті болмашы тырнақ ізі, сызат немесе микрожарақат болса да, сондай-ақ жануардың сілекейі зақымдалған теріге немесе шырышты қабатқа тиген жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну керек", - деп толықтырды ведомство.
Бұл ереже екпе егілген және егілмеген үй жануарларымен жанасу жағдайларына бірдей қатысты.
"Әдетте иесі өз үй жануарының мінез-құлқын жақсы біледі, сондықтан кез келген өзгеріске мән беру маңызды. Егер жануар кенеттен тістеп немесе тырнап алса, оны жай еркелік деп санамаған жөн. Қандай жағдайда да медициналық көмекке жүгіну керек, ал мысық пен итті ветеринарға көрсету қажет", - деп атап өтті Смағұл.
Құтыруға қарсы вакцинация жасау туралы шешімді дәрігер қабылдайды. Ол жарақаттың сипатын бағалайды және ветеринариялық қызметтің жануардың жай-күйі туралы ақпаратын ескереді.
Вакцина және иммуноглобулин: қай кезде қайсысы салынады?
Қазақстанда құтырманың алдын алу үшін екі препарат қолданылады:
Құтырмаға қарсы вакцина – ол ағзаның вирусқа қарсы жеке антиденелерін шығаруына ықпал етеді.
Ол жануар тістеп алғанда немесе тырнап алғанда, күдікті жануардың сілекейі зақымдалған теріге немесе шырышты қабыққа тигенде, сондай-ақ құтырма ауруы расталған немесе соған күдікті жануармен жанасқан жағдайда қолданылады.
Құтырмаға қарсы иммуноглобулин – оның құрамында дайын антиденелер бар және ол дереу қорғанысты қамтамасыз етеді.
Ол терең және бірнеше жерден тістегенде немесе тырнағанда, басты, бетті, мойынды және қол басын тістеген жарақаттар кезінде, сондай-ақ құтырмаға қарсы вакцинация толық жүргізілмеген жағдайда қолданылады.
Егер жануарда құтырманың айқын белгілері болмаса, адамды қапқан хайуан жақын маңдағы ветеринариялық клиникаға жеткізілуі тиіс. Онда ол оқшауланып, 10 күн бойы бақылауда болады.
Кейбір жағдайларда ветеринарлар жануарды үйде қалдыруға рұқсат беруі мүмкін, бірақ бұл ретте иесі үй жануарын 10 күнге оқшаулауға және оны тексеру үшін мамандарға жүйелі түрде көрсетіп тұруға кепілдік беруі тиіс.
Сарапшылар дәрігерге көріну үшін жануарды бақылау мерзімінің аяқталуын күтудің қажеті жоқтығын ескертеді:
"Емдік-профилактикалық иммундау жанасудан кейінгі алғашқы сағаттарда өте тиімді, ал емдеуді кешіктіру аурудың даму қаупін айтарлықтай арттырады. Кеш жүгінген жағдайда медициналық көмек тиімсіз болып қалады".
Жануарды бақылау және зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша дәрігер алдын алу курсын жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Егер төрт аяқты жануардан құтырма ауруы расталса, басталған арнайы емдеу курсы жалғастырылады. Егер нәтиже теріс болса, дәрігер вакцинацияны түзетуі немесе тоқтатуы мүмкін.
Мамандар екпе курсын өз бетінше тоқтатуға болмайтынын ескертеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бүгінде медициналық ұйымдарда қажетті препараттар бар. Қорда құтырмаға қарсы вакцинаның 135 мыңнан астам дозасы бар.
Егер нақты бір медициналық мекемеде препарат уақытша болмаса, пациентке әкімшілікке жүгіну ұсынылады. Оны препарат бар жақын маңдағы клиникаға бағыттауы тиіс.
Қаз
Рус






