Қазантаевпен қызметтес болған 78 жастағы қария Қызылордада қонатын жер таппай жүр

2 453

«Тақ пен табыттың иесі жоқ»,- деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Ешкім алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Бұлай деуімізге себеп, қоғам қайраткері, соғысқа қатысқан майдангер тұлға Қонысбек Қазантаевпен бірге Жалағаш ауданында қызметтес болған қарияның қазіргі таңдағы мүшкіл жағдайы. Сексенге таяған қарияның айтуы бойынша бүгінгі таңда қонатын жер таппай дала кезіп жүргеніне көп болған.  

«... Елу жыл өмірімді елге қызмет етуге арнадым. Жалағаш ауданында шет ауылдарды , қойшы совхоздарда радио сым орнатып еңбек еттім. Үш жыл Германияда әскери борышымды өтедім. Жалағашта қызметте жүргенде марқұм Қонекеңмен (Қонысбек Қазантаев) жұмыстас болдым. Өзі өте білімді, адал, жан-жағына жанашыр азамат еді. Талай елге жасаған игі істерінің куәсі болдым. Бір жолы бір отар қой шекараға кетіп қалып, бүкіл шопан шулап кетті. Сонда Қонекеңмен бірге құм аралап елге қайтарып халықтың қуанышына куә болып едік»,- деп еске алады ақсақал. 

         Бүгінге дейін талай жерде еңбек еткен қария тағдыр тәлкегімен осы күйге түскеніне өкінеді. Десе де қалаға Қазантаевтың ұлы әкім болды дегенді естіп, көмек сұрап қалалық әкімшілікке қанша барса да кіре алмағанын айтады. 

         Былтыр қыс айында үй-күйі жоқтарға арналған «Адаптация» аталып кеткен мекемеде қыстап шығыпты. Ал биыл сол мекемеге барса қабылдамай, алдағы маусым айында келесің деп шығарып салыпты.

«... Шынымды айтсам қазіргі таңда әр жерде жүрмін. Тоқтаған жерлерім тез босат деп тұрақтатпайды. Қазір осы Ажар сауда үйі маңындағы наубайхананың айналасын паналап жүрмін. Бұл жердің егесі де босатуымды айтып күніге келеді. Күн болса суып барады. Осының өзінде салқын тиіп, ертеңгі таңға аман жетеріме күмәнім бар. Айналайындар ау көмектесіңдерші...» ,- деп көзіне жас ала көмек сұрады.

         Қаламызда қаңғыбастыққа салынған жандарға арналған орталық бары белгілі. «Ол орталыққа қабылдамауының себебі неде?» деген сауал көкейге келеді. Қарияның рең басына қарасаңыз  «ішіп-шегетін» әдеттегі қаңғыбастарға ұқсамайды. Ата заңымызда  қазақстанның ең құнды байлығы- адам және оның өмірі демей ме? Биліктен қамқорлық күткен ақсақалға жергілікті билік назар аударса. Бар ғұмырын ел дамуына арнаған жанның өміріне бей-жай қарамай, құзырлы мекемелер оң шешім жасайды деп сенеміз.  



Ескерту! Қарияның өз өтінішіне сәйкес аты - жөні көрсетілмеді.

 

Бас редактор

 Ақниет Ізбасар