Ақтөбелік кәсіпкер Қарлау ауылына мектеп салып берді

364
Ақтөбе қаласындағы Қарлау ауылында 40 орынға арналған бастауыш мектеп ашылды деп хабарлайды  "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі.  

Өңірдің білім басқармасы Хромтау ауданы Бөгетсай ауылдық округіне қарасты Қарлау елдімекенінде бастауыш мектеп ашылғанын жеткізді. Ведомство мәліметінше, өңірде 415 мектеп бар. "Қазақстанның өркендеуімен қатар бала саны да артып келеді. Ақтөбе облысында бір жылда он мың балаға орын тапшылығы байқалады. "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес бес жылда 50 білім ордасы салынуы тиіс. Соның 12-і биыл жыл аяғына дейін тапсырылады. Әр ауылды сақтап қалу мақсатында да мектеп салынып жатыр", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан. Осы орайда жаңа білім ордасының кәсіпкер Жұмабай Бекмағанбетовтің демеушілігімен бой көтергені белгілі болды. 

Мектептің жалпы ауданы - 600 шаршы метр. Жоба құны - 40 миллион теңге. Бастауыш мектеп 40 орынға шақталған. Қазіргі уақытта бұнда 9 бала білім алып жүр. Оларға 3 мұғалім сабақ береді.