«KAZPETROL GROUP» РЕСМИ ЖАУАП БЕРДІ

559
Естеріңізде болса, 26 қазанда «Opennews.kz» ақпарат агенттігінің сайты мен  желідегі парақшасында «ҚЫЗЫЛОРДАДА «КӘСІПОДАҚ» ҮШІН 12 ЖҰМЫСШЫ ДАЛАДА ҚАЛДЫ» атты мақала жарияланған болатын. Сол материалға  «KAZPETROL GROUP (КАЗПЕТРОЛ ГРУП)» ЖШС ресми жауап берді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

КАЗПЕТРОЛ ГРУП  ЖШС: «Бұл топтың түпкі наразылығы жалақы мөлшерін 50% өсіру болған еді. Осы талаппен олар компания басшылығына келместен, бірден облыс әкімшілігіндегі еңбек қорғау бөліміне ауызша жүгінген болатын. Облыс әкімдігінде өткен кездесуде компания өкілдері, жұмысшылардың жалақы мөлшерін 50% өсіру талабы заңға қайшы ғана келмей, сонымен қатар, олардың жалақысы аумақтағы орташа жалақы мөлшерінен жоғары екендігі анықталды. Сол мезетте олар «біз биыл жыл сайын мұнайшылар күніне берілетін сыйақы алмадық» деген наразылық танытты», деген болатын. 
Компанияның келісім-шарт аймағындағы өндірістік бөлімшелердің желілік басшыларынан бір топ қызметкерлердің тәртіпті бұзып, жарылыс қауіпі жоғары өндірістік объектілердегі жағдайды тұрақсыздандыру және жалақыны көтеру мақсатында наразылық білдіру туралы «сигналдар» түскендігі де жолданған хатта мәлім етілген.
Осы орайда, «...жұмыстың қанағаттанарлықсыз болуына, сондай-ақ еңбек жағдайын тұрақсыздандыруға бағытталған жүйелі әрекеттерге байланысты тараптардың келісімі бойынша, еңбек заңнамасын толық сақтай отырып, еңбек шартын тоқтату туралы шешім қабылданғандығын», да жеткізді мекеме басшысы. 
Түптеп келгенде, «кәсіподақ ұйымының құрылғаны және бар екендігі туралы ештеңе белгілі емес, бұл туралы мәлімдемелер немесе хабарламалар түскен жоқ. Кез келген кәсіподаққа қатысуға байланысты еңбек шартын бұзу фактілері дәлелденбеген, шындыққа жанаспайды және жалған»,- деген мекеме басшысы Бахыт   Тоғызбаев.
Ал, жұмыссыз қалған 12 жұмысшы әділдік орнату үшін тиісті мекемелерге шағымданғандығын және де тексеру жұмыстары жүріп жатқандығын  да айтты. «Басты талап байырғы жұмысына орнығу екендігін, алдағы уақытта жұмыс беруші басшылардың қысым жасамайтындығына көз жеткізу»,- деді Азамат Қалжанов. 
Алдағы уақытта сот отырысы болатындығы да мәлім болды. Әділдігін сот төрешілері таразы басын теңестіре отыра, шешім шығаратындығына сенімдіміз. 12 жұмысшының тағдырын сот үкімі шыққаннан кейін міндетті түрде жарияланатын болады.
 
редактор,
Айгерім   РАХЫМЖАНҚЫЗЫ