Талдықорғанда қар жауып тұрғанда асфальт төсегендер елдің ашуына тиді

377
Талдықорғанда қар жауып тұрған кезде көшеге асфальт төсеген. Мұны көрген тұрғындар ашуға булықты. Осыған байланысты қалалық әкімдік пікір білдірді- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі NUR.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Жолға асфальт төсеп жатқандардың видеосы әлеуметтік желіде пайда болған. Кадрларда жұмысшылардың қар жауып жатқанына қарамастан, Қазақстан көшесіндегі жұмысты тоқтатпағаны көрсетілген.

Тұрғындар болған жайтқа ашуланған. Олар жергілікті биліктен жағдайға араласуды талап етті.

"Бұл не сандырақ, мұны біреу тоқтата ма? Асфальттің бір қабаты газет секілді, оны қардың үстінен төсеп жатыр, көктемде бәрі еріп кетеді. Шенеуніктер шара қолданыңыздар!", "Бұл қысқы асфальт, көктемде еріп кетеді", "Бұл Талдықорғанда патенттелген жаңа технология", "Бұл не масқара, жаз бойы не ойлады? Мұны әдейі істеп отыр. Асфальт қатып қалған жерге қалай жабысады?", - деп жазуда желідегілер.

Осыған байланысты Талдықорған әкімдігі пікір білдірді. Ведомство мердігерге қатысты қатаң әкімшілік шара қолданылатынын хабарлады.

 "Көрсетілген мәселе бойынша әкімдік мердігермен сөйлесті. Расында да, ол біздің рұқсатсыз және техникалық қадағалаудың рұқсатынсыз Қазақстан көшесінің бойындағы шағын аумаққа өз бетінше асфальт төсеген. Енді мердігерге әкімшілік шаралар мен басқа да жазалар қолданылады", - деп хабарлады Талдықорған әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы. 

Әкімдік көшені асфальттау жұмысына тапсырысты қалалық автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі бергенін айта кетті.