«ҚЫЗЫЛОРДА АВТОБУС ПАРКІ» БАСШЫСЫ ЖҰМЫСШЫЛАРЫН ТАППАЙ ҚАЛДЫ

1 248
«Қызылорда автобус паркі»-нің әлеуметтік желіні шулатқан видеосы талқыға түсіп, халық наразылығын тудырды, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Таралған видеожазбада «Қызылорда автобус паркінің» басшысы мекеме ішін жалғыз өзі аралап, жұмысшыларын іздеген әрекеті түсірілген. Осы орайда, мекеме қызметкерлері қараусыз қалдырған қаражат пен жұмыс уақытындағы бос орындарды бақылайтын құзырлы органдар қалай тым-тырыс қалды? Еңбек заңнамасына сәйкес жалақысын алған қызметкерлердің жұмыс орынынан табылмауына не себеп? Басшылық қызметкерлерін  іздеп,  халық қоғамдық көліктерді іздеп көше кезіп, «келер» деген үмітпен   бір сағатқа жуық уақыт сарылта күттіретін автобустарымыздың жаңа субсидияны иемденсе де «баяғы жартас сол жартас» кейпінде қалмауына кім кепіл?  Сөзімізге дәлел ретінде үстіміздегі айдың басында Қызылорда қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында  қоғамдық  және жеке тасымалдаушылардың бағыттарын әлеуметтік маңызы бар бағыттар деп тану ұсынылып, субсидия бөлуге әзірленген құжаттар облыстық мәслихат сессиясының қарауына жолданған болатын.  Кеңес отырысына қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нуридинов қатысып, кеңес мүшелері тарапынан қоғамдық көлік қызметін сапалы ұйымдастыру бағытында берілген ұсыныс-пікірлерді тыңдаған болатын. Расында, автобус паркінің бүгінгі ішкі көрінісі жариялаған видеодағы  үзінді  жауапсыздықтың белгісіндей.  Жұмысшылардың бей-берекет жүруі басшының осалдығы немесе немқұрайлығына пара-пар. Қоғамдық кеңестің қолдау көорсеткен «Қалалық автобус паркінің»  жұмысының нәтижесі осы болғаны ма? Қала әкімінің арнайылап барып, танысқан автобус паркінің бет пердесін қызметкерлері-ақ әшкерелегендей. Десек те, қоғамдық көлік қызметіне тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдардың саны артып отыр.  Осы орайда, қоғамдық кеңестің шешімімен жеке тасымалдаушы мекеме басшыларын қоса отырып, арнайы жұмысшы тобы құрылады. Бұл өз кезегінде түйіткілді проблеманың түйінін тарқатуға септігін тигізетін болады-мыс. Араға біршама уақыт салмай, бірер  күнде-ақ жемісін көрдік. Өздеріңізге белгілі болғандай, бұған дейін Кеңес отырысында қоғамдық көлік тасымалын сапалы ұйымдастыру үшін  жеке кәсіпкерлерге тасымалдауға кеткен шығынын субсидиялау жөнінде ұсыныс білдіру мәселесі талқыланған болатын. Бір қызығы,  субсидияны кім үшін бөлмек? Жұмысына немқұрайлы қарайтындар үшін бе? Осы орайда халық не дейді? Арнайы қала тұрғындары да өз пікірлерін қалдырып отыр Солардың бір қатарына тоқталсақ:

«Масқара, біз автобусты іздеп жүрсек басшылық жұмысшыны іздеп жүр ғой. Бұдан-ақ, біле беріңдер, біздегі қоғамдық қызметтің сапасы төмен. Бастығын пысқырмаған, халықты қайтсін...»,-  деген Малика.

Жазбаның астындағы пікірлердің біріне көзіміз шалынды: 

Әрине енді айлықтарын уақытылы төлемей, 2 ай күтіп жүрсе осындай болмағанда ше? Бастығы кімді кінәлап отыр, жұмысшылардың айлығын дұрыстап берсе, кассир, күзетші және кадр бөлімі 1 айлықты  2 ай  алмай жүрсеңдер көрер едім. Бастығына айтарым «қысқарту» деп отыра бермей, жұмысшылардан көрмей айлығын дұрыстап берсе, ал жұмыс уақыты 4 сағаттық  жұмыс уақытына алмастырылған, - деді Элеонора.

Осы,  жарияланған бейнежазбаның жариялануына байланысты, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС берілген ақпаратына сүйенсек: 

«Түсірілімде көрініс алған кемшіліктер Серіктестіктің басшылығы тарапынан қызметкерлердің жұмысын тексеру барысында анықталған. Қазіргі кезде Серіктестікпен алдағы уақытта олқылықтарға жол бермеуге іс-шаралар белгіленіп, орын алған кемшіліктер бойынша қызметттік тексеру жүргізілуде»,-деген болатын.


Қаламызда қоғамдық көліктердің  25 бағытта тасымалдап жүрсе, оның ішінде қала маңына 8 бағыт бойынша 400-ге жуық автобус қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-і 5 бағытта және (1,11,14,17,18) қалған 28 бағытта жеке кәсіпкерлер жолаушы тасымалымен айналысатындығы да жария етілген болатын.

редактор,
Айгерім РАХЫМЖАНҚЫЗЫ