2022 жылдан бастап жүктілік пен босану кезінде берілетін ең жоғары төлем өседі

438

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жүктілік және босану бойынша ең жоғары біржолғы төлем мөлшері өседі,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 


Егер қазір табысы 7 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) яғни 297 500 теңгеден жоғары болатын әйелдер 1 124 550 теңге алатын болса (42 500*7*4,2-10%), ЕТЖ-ның 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты жаңа жылдан бастап бұл сома 1 587 600 теңгеге дейін өседі (60 000*7*4,2-10%). 

Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдарға тікелей байланысты екенін хабарлады.

“Әлеуметтік аударымдар кемінде 1 ең төменгі жалақыдан (2021 жылы 42 500 теңге, 2022 жылдан бастап 60 000 теңге) және ең төменгі деңгейдегі жалақының 7 есе көп мөлшерінен (2021 жылы 297 500 теңге, 2022 жылдан бастап 420 000 теңге) аспайтын кіріспен төленеді", – деп хабарлады ведомстводан.
 
Мысалы, егер әйел бір жыл ішінде 500 000 теңге мөлшерінде ай сайын жалақы алып отырса және бұл ретте 126 күнтізбелік күн толық мөлшерде жүктілігі және босануы бойынша демалыс алатын болса, онда төлем былай есептеледі:

500 000 * 4,2 – 10 % = 1 890 000 тг.

Алайда бұл сома жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік және босану бойынша біржолғы төлемнің ең жоғары мөлшерінен асатындықтан, тек ең жоғары тиісті төлемді ала алады. 2021 жылы 1 124 550 теңге болса, 2022 жылы 1 587 600 теңге болады. 

Қалған сома (765 450 және 302 400 теңге) егер жеке еңбек шартында көзделсе, жұмыс берушіге төленуі мүмкін.

Егер есептеу кезеңі әр түрлі жылдардағы айларды қамтыса, әрбір кезең үшін сома ЕТЖ-ге сәйкес сол жылға есептелетінін ескеру қажет (2021 жылы 42 500 теңге және 2022 жылы 60 000 теңге).

Аталған төлемнің мөлшері жүктілікке және босануға байланысты демалысты ресімдеген айдың алдындағы соңғы 12 айда қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады ("міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" ҚР Заңының 23-бабының 3-тармағы).

Жалақының нақты мөлшері әлеуметтік аударымдармен расталады. Бұл есептеу кезінде табыс мөлшері көрсетілген кезеңде қорға түскен әлеуметтік аударымдар бойынша анықталатынын білдіреді.

Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемнің мөлшері әр адамға жеке есептелетінін айтты. 

Бұған дейін ЕТЖ-нің 60 000 теңгеге дейін артуына байланысты БЖЗҚ және Еңбек Министрлігі Зейнетақы жинақтарын алу үшін жеткіліктілік шегін арттырғанын хабарлаған болатынбыз.