2050 теңге: Алматылықтар Сағынтаев айтқан бағаға ет іздеді

274

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының қай жерінде 2050 теңгеге сиыр етін сатып алуға болатынын да айтты. Алайда қала тұрғындары бұл бағаға ет таба алмаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстау бойынша жүйелі шаралар жалғасады. Бұған жергілікті бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінді.

Бөлінген қаражат есебінен "Магнум" желісінің 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар өнімдері мен тауарлары, "Тоймарт" желісінің 12 позициясы төмендетілген бағамен сатылуда. Орта есеппен екі желіде көкөніс бағасы базар бағасынан 30-50 пайызға, ет өнімдері 10-15 пайызға, азық-түлік тауарлары 10-30 пайызға төмендетіледі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, "Көк базар", "Ақ-Бұлақ", "Оптовка", "Сарыарқа", "Тастақ", "Тау-Самал", "Алматы-1", "Түрксіб" жәрмеңкесі сияқты жеті азық-түлік базарында әлеуметтік дүкендер жұмыс істейді.

Көкөніс өнімдері сауда нүктелерінде базар бағасынан бір жарым-екі есе төмен бағамен сатылуда. Әкім Алматының қай жерінде 2050 теңгеге сиыр етін сатып алуға болатынын да айтты.

"Жұлдыз", "Орбита", "Тау-Самал", "Арыстан" және "Тастақ" сияқты бес базарда ет сататын дүкендер іске қосылды, онда сиыр етінің келісі 2050 теңгеден сатылуда”, – дейді Сағынтаев. 

Алайда Қазақстандағы AB Restaurants ең үлкен мейрамханалар желісінің басшысы Асқар Байтасов қызметкерлерінің бұл бағада ет таба алмағанын жеткізді. 

“Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жиналыс кезінде сиыр еті 2050 теңге екенін мәлімдеді. Таңнан бастап біздің экспедиторлар ерінбей, дәл осы бағада ет іздеп көрді, алайда ешбір жерден мұндай бағаға сиыр етін таба алмады”, – деп жазды ол. 

Басқа да желі қолданушылары ет бағасының әлі де қымбат екенін жарыса жазған. 

“Біздің жанымыздағы дүкенде әлі 2700 теңгеден”, “Көк базарда” әлі 2800-3000 теңгеге сатылып жатыр, ешқандай өзгеріс жоқ”, “Бірі 500 теңгеге түскі ас ішуге болатынын айтып еді, енді бірі 2000 теңгеге ет бар деп жатыр”, – деп қарсылықтарын білдірді.