Үкімет ауылдағы халыққа әділетсіздік жасады – Мырзахметов

289
Кедейліктің түп тамыры ауылда жатыр. Оны жою үшін жоғары оқу орындарын ауылды жерден ашып, болашақ кәсіпкерлерді ауылда даярлау керек,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Youtube-тегі Qasqa Jol арнасына берген сұхбатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлімдеді.

Мырхазметовтің сөзінше, Құлыбаевтың «Атамекеннен» кетуі ұлттық палатаның жұмысына еш әсер етпейді. 

«Құлыбаев кеткендіктен «Атамекен» құлап қалады деп айта алмаймын. «Атамекеннің» артында сегіз жылдық еңбек жатыр. Бүгінде өңірлерде, аудандарда, орталық апаратта 700-800 жуық қызметкерлеріміз бар. Ел бойынша 17 комитетіміз жұмыс жасап тұр. Әр өңірде 400-ге жуық кәсіпкерлеріміз бар. Олардың бәрін «Құлыбаевқа қарап отыр», «Құлыбаевтың арқасында өмір сүріп жатыр»- деп, айту ақылға сыймайтын әңгіме. «Атамекен» алғаш құрылғанда үкіметпен тепе-тең сөйлесу үшін, әрине, Құлыбаевтың авторитеті керек болды. Алайда аяқтан тұрып кеткеннен кейін кәсіпкерлердің өздері-ақ «Атамекенді» қолдады. Қазір кәсіпкерлер палатасы ойдағыдай жұмыс жасап тұр»,- дейді Абылай Мырзахметов.

 «Үкіметтегі заң «Атамекен» КП-нан өтетіндігі белгілі. Әзірге қарап жатырмыз. Бірақ халықтың кредитін кешіріп, «банкрот» деп жариялап мәселені шешпейміз. Мәселен, кешегі алаңға шыққан халықтың несиесін кешіріп, «банкрот» деп жарияласақ, кейін ол адам кәсіп ашса, мемлекеттен қолдау ала алмай қалады. Себебі, ол заң жүзінде «банкрот» деп таңылған. Қазір нарық заманы болғандықтан қарапайым халық тұрмыстық техниканы да несиеге рәсімдейтін болған. Менің ше, банктердің үстемесін 6%-ға дейін төмендетіп арнайы заң қабылдау керек»,- деп ойлаймын дейді Абылай Исабекұлы.

ҰКП төрағасының сөзінше, еліміздегі кедейліктің түп тамыры ауылда жатыр. Иә, соңғы он жылда 67% жастар ауылға қайтуға құлықсыздық танытқан. Ауылдан қалаға үдере көшкен халықтың жағдайы күн өткен сайын тұралауда. Осы мақсатта қолға алынған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы түйткүлді мәселенің шешімін әлі де таба алмай отыр. Себебі, «Бастау» бағдарламасы аясында грант ретінде берілетін 500 мың теңге кәсіп ашуға жеткіліксіз. 

  «Негізі үкімет ауылдағы халыққа әділетсіздік жасады. Себебі, нарық заманы дедік те ауылға көп көңіл бөле алмадық. Қаладағы білім мен ауылдағы білімнің арасы жер мен көктей. Қарапайым интернет пен суы жоқ ауылдар көп. Ауылдағы халықтың көбі қазақ. Жоғары оқу орындарын ауылды жерден ашып, болашақ кәсіпкерлерді ауылда даярлауымыз керек. Біздің басты бағытымыз ауылды жерді өркендету болады», –  деп түйіндеді сөзін А.Мырзахметов