"Оқ атқан әскерилер қазақша сөйледі": Алматыда қаңтар оқиғалары кезінде бір әулеттің мүшелерін тапа тал түсте қырып салған

593

Жаңаөзендегі сұйытылған газ бағасының өсіміне қатысты туындаған халық наразылығы көп ұзамай бүкіл өңірлерде қолдау тауып, жалпыхалықтық сипатқа ие болып кеткен еді. Ақыр соңында Алматыдағы жағдай бақылаудан шығып қалып, бейбіт басталған митинг содырлар мен баскесерлердің араласуымен тәртіпсіздіктерге ұласты. Салдарынан қаланы террористерден тазарту барысында қылмыскерлермен қоса қарапайым халықтың да қаны төгілді. Осылайша 2022 жылдың қаңтары бүкіл қазақ халқы үшін қаралы айға айналды.


Қазір  бұл оқиғаларға байланысты тергеу шаралары әлі де жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күн сайын жазықсыз жапа шеккен тұрғындар туралы жаңа ақпарат шығуда. Солардың бірі – қазаға көңіл айтуға барамыз деп өздері қара жамылып қалған Сағындықовтар әулеті. Қаралы отбасының мүшесі әрі орын алған қайғылы оқиғаның куәгерімен Stan.kz тілшісі тілдесті.

Қазаға барамыз деп қара жамылған шаңырақ

Оқиға 7 қаңтар күні болған. Еркеғали Сағындықовтың сөзінше, бір әулеттің 7 бірдей адамы Алматыдан Түркістан облысы Қарағаш елді мекеніне жаназаға жолға шығады. Комменданттық уақыттың енгізілгенін білетін олар, кеш түскенше жетеміз деп жоспарлаған.

"Өзім – Қарағаш елді мекенінің тумасымын, қазіргі уақытта Алматыда тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Қайғылы оқиға орын алатын күні сол ауылда тұратын ағамның қызы мезгілсіз өмірден өткенін естіп, 7 қаңтар күні үйден жеті адам болып жолға шықтық. Оның ішінде мен бар, анам бар, әкемнің інісі мен әпкелерім болды. Біз жолға шыққанда жолдың барлығы ашық болды, ешқандай кедергілер мен блок-посттарды көзіміз шалмады. Алматымен арақашықтық шамамен 5-6 сағаттық жол болатын, сол себепті кеш түскенше үлгереміз деп ойладық", – дейді Еркеғали. 

Бұл уақытта Алматы қаласында төтенше жағдай енгізіліп, әскерилер қала аумағын толық бақылауына алған кез. Қалада интернет толық өшіріліп, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы лаңкестерден тазарту барысында әскерилерге "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген.

Куәгердің айтуынша, отбасы отырған көлік сағат 12 шамасында Алматы облысы Тарғап елді мекеніне келген. Сол уақытта арнайы көліктен әскери киім киген адамдардың түсіп жатқанын көрдім дейді ол.

"Алғашында біздің ойымызда бөтен ой болған жоқ. Әскери адамдар болған соң, бізге тиіспейді деп ойладық. Сол жерден тамақтанып алайық деп ойладық. Сол кезде көліктің алдында отырған әкемнің інісі рөлде отырған ағама "мына жерге бекер тоқтадың, жүре берейік" деді. Содан көлікті қайта оталдырып қозғала бергенде артымызға бір ақ машина келіп тоқтады", – деп еске алады Еркеғали.

Еркеғали тоқтаған көліктің маркасы 2104 екенін анық көргенін айтады және сол сәтте атыс та басталып кетеді.

"Автоматтардың даусы естіле салысымен біз жылдам жүріп кетуге тырыстық. Осы сәтте әскерилер бізге қарсы оқ жаудыра бастады. Қарша бораған оқтың астында қалып, біз көлікті игере алмастан жолдың қарсы бөлігіне өтіп кеттік. Ал олар атыстарын тоқтатқан жоқ. Біз көліктің ішіне жатып қалып, дауыс шығаруға да сескеніп қалдық. Мен тіпті барлығымыз қырылып қалдық па деп ойладым. Мен еңбектеген күйі көліктен түсіп, атпауын өтіндім. Бірақ олар сөзімізге құлақ асқан жоқ. Осы кезде менің жамбасыма оқ тиіп, көліктің жанына барып жасырындым", – деп еске алады ол.

Осы сәтте куәгердің үлкен әпкелері тізерлеп тұрып, әскерилерден оқ атпауын сұрап өтінген. Атыс сол кезде ғана тоқтаған. Әскерилер бұлар отырған көліктің жанына келіп, барлығының қолын қайырып, жерге жатқызып тастаған. Еркеғали осылайша жерде 40 минуттай жаттық дейді. Ол әскерилердің көбісі қазақша сөйлегенін және арасында орысша сөздер айтқандардың да барын айтады.

"Біз жерде жатқанда көліктің ішіндегі анамның қимылсыз жатқанын байқадым. Көліктің алдында отырған әкемнің  інісіне де оқ тиген еді. Содан жанымда тұрған әскеридің қазақ екенін байқап, анам мен ағамның жағдайын біліп беруін өтіндім. Ол шамалы иманы бар азамат екен, көліктің жанына барып келді де, анамның басынан оқ тиіп өмірден өтіп кеткенін және ағамның да басынан оқ тигенін айтты", – дейді Еркеғали.

"Өлсеңдер, өле беріңдер"

Еркеғали осы уақытта жанында жүрген әскерилермен қазақша сөйлескенін айтады. Ол автомат асынғандарға өздерінің қарапайым халық екенін айтып, жаназаға бара жатқанын жеткізуге тырысқан. Алайда әскерилерді бұл сөздер елең еткізбеген.

"Біз оларға жалынып жалбарындық. Барлығымызды қырып саласыңдар ма, қайтесіңдер деген едік. "Өлсеңдер, өле беріңдер, бізден де қаншама адам өлді" деген жауап алдық. Ал біз өзіміздің қазақ екенімізді айтып, не жазығымыз бар екенін сұрадық. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. Содан алғашында маған көмектескен қызметкер әріптестерімен ақылдасып келіп, мені жедел жәрдем көлігіне салып жіберді. Себебі менің аяғымнан қан тоқтамай бара жатыр еді", – дейді жапа шеккен азамат.

Жедел жәрдем көлігінде дәрігер Еркеғалидан жол-көлік апатына ұшыраған сендер ме деп сұраған. Ол сонда барып әскерилердің дәрігерлерді оқиға орнына осындай жалған ақпаратпен шақырғанын түсінген.


"Әскерилер оқиға болған жерге дәрігерлерді жалған  себеп айтып шақыртқан. Оларға жол апаты болды деп айтқанға ұқсайды, себебі бізден солай сұрады. Көліктің ішінде екі адам басынан оқ тиіп жатыр, қандай көлік оқиғасы болуы мүмкін?!" – дейді наразылығын жасыра алмаған Еркеғали Сағындықов.

"Қарапайым тұрғындар үйлеріне паналатып, көмектескен"

Ауруханаға жеткізген Еркеғалиды тез арада операция бөлмесіне апарған, себебі ол көп қан жоғалтып алған еді. Дәрігерлер тек ренгтген құрылғысына түсіргеннен кейін оқтың денесінің еш жерін зақымдамай, тесіп шыққанын көрген.

"Операциядан кейін жай тауып отыра алмадым. Барлық құжаттарым мен телефоным көлікте қалып қойған еді. Шамамен 5-6 сағаттан кейін палатаға әпкем мен жеңгем келді. Оларды Тарғап ауылының тұрғындары үйлеріне апарып паналатып, ас-суын беріп, киімдеріне дейін жуып берген екен. Сол кезде ауруханаға полицейлер келіп, менен сұрақ-жауап алды. Бірақ іс қозғаған жоқ. Полицейдің бірі әкемнің інісінің жағдайы ауыр екенін айтып, жансақтау бөлімінде жатқанын жеткізді. Кейін таңға таяу оның да жүріп кеткенін білдік", – дейді ол.

8 қаңтар күні Еркеғалидың туыстары анасы мен ағасының денесін мәйітханадан алып шығып, туған ауылдарына жерлеген. Бұл оқиғадан кейін бүкіл әулет мүшелері ауыр соққы алып, қорқып қалғанын айтады ол. Әжесін қатты жақсы көретін немересі сөйлемей, тұйық болып қалған. Еркеғалидың ендігі басты мақсаты – оқ атқандар мен атуға бұйрық бергендерді анықтап, жазаға тарттыру.

"Кім атқанын және атуға кім бұйрық бергенін білсек дейміз. Осынша жасқа келген анамыз бен ағамыздың өмірі осылай аяқталуға жазбаған шығар. Әулеттің үлкендері еді екеуі де. Алдағы өмірі қызыққа толы болады деп күтіп отырған едік. Бірақ аяғы мынадай оқиғамен аяқталды. Барлық ойымыз – бұл қылмыс жылы жабылып қалмаса екен, қылмыскерлер анықталып, жазаларын алса екен деп үміттенеміз", – дейді Еркеғали Сағындықов.

Бұл оқиға туралы БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде жазылған жазбалардан кейін полиция Еркеғалимен хабарласып, тергеу жұмыстарының басталғанын жеткізген. Бірақ бұл аралықта 20 күннен аса уақыт өтіп кеткен. Ендігі Еркеғали мен қара жамылған әулет тергеу жұмыстары әділ өтеді деп үміттенеді.

Қазақстандағы қақтығыстар
Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.

Алайда, бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.