Қажылыққа барған қазақстандықтар қасиетті жерде шу шығарды

426

Кіші қажылыққа аттанған 50 шақты отандасымыз Мединеде далада қалғандарын айтып, шу көтерді. Олар “Qazaq Travel” туристік компаниясы алдын ала келісілген қонақүйге емес, шошалаға орналастырды деп ренжулі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.


Умраға аттанған әр азамат компанияға 650 мың теңгеден берген.

Наразылықтарын білдірген қажылардың бейнежазбасы ғаламторда қызу талқыланып жатыр. Онда бір топ қазақстандықтардың қонақүйге көңілдері толмай, басқа жерге орналастыруды талап еткенін байқауға болады.

Олардың айтуынша, "Qazaq Travel" туристік компаниясы қажыларды келісімшартта көрсетілген қонақүйге емес, ешқандай жағдайы жасалмаған, адам тұрғысыз шошалаға жатқызған.

Экспресс К мәселенің мән-жайын білмекке "Qazaq Travel" компаниясына хабарласты. Ондағылар қонақүй мәселесіне қатысты шу шыққанын растап отыр. Маркетолог Қарлыға Темірғалидің айтуынша, бұл мәселеде өздері де алданып, сан соғып қалған.

"Карантиндік шектеулер алынғалы бері қажылыққа баратындардың саны күрт көбейді. Көп қонақүйлер әлі ашылып үлгерген жоқ. Бұдан бөлек Медине қаласындағы Пайғамбар мешітін үлкейтуге байланысты, қасындағы бірнеше қонақүй бұзылды. Сондықтан ол қалада қазір қонақүй тапшы. Қажылардың наразылық танытуына бірінші осы, екінші бізбен бірлесіп жұмыс істейтін сол жақтағы компанияның салғырттығы себеп. Өйткені, олар бізді лақтырып кетіп отыр. Айтқан қонақүйлерін тауып бере алмай қалды. Бізден де кемшілік кетті. Негізі олар жіберген қонақүйлерін біз бірінші өзіміз көріп, одан кейін ғана жарнамаға беруіміз керек еді. Әдемі фотоларына сеніп, алданып қалдық. Басшыларымыз сол жаққа ұшып кетті. Қазір сол жақтан өз қаражатымызға жөні түзу қонақүй таба алмай жатырмыз",  дейді Қарлыға Темірғали.