"Республикалық шара неге қымбат?": Депутат "Қазақстан барысын" өткізуге 150 млн теңге бөлінетінін сынға алды

236
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Нұрдәулет Оразханов елімізде дәстүрлі түрде өтетін "Қазақстан барысы" сайысына бөлінетін қаржының көп екенін айтып, оны қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

"Құжатта көрсетілген халықаралық турнирлерді өткізуге орта есеппен 59 млн теңге қаржы бөлінеді екен. "Қазақстан барысы" сайысын өткізуге әлдеқайда көп бөлінеді. 150 млн теңге деп көрсетіліпті. Әрине, ұлттық спортты дамытуға ешқандай қарсылығым жоқ. Дегенмен бюджет қаржысын үнемдеу керек сияқты. Егер халықаралық спорт шарасын 50 млн теңгеге өткізсек, оның қасында республикалық шара неге қымбат?", - деген сауал жолдады депутат Нұрдәулет Оразханов.

Сауалға жауап берген Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Алмас Абаевтың сөзінше, спорттық жарыстар өткізуге қаражат оның деңгейі мен ауқымына байланысты бөлінеді.

"Мысалы, "Әлем барысы" жарысын алсақ, аталған шара басқа елдер үшін аса танымал емес. Яғни бұл шараны насихаттауға, спортшыларды даярлау мен шақыру ауқымды қаржыны талап етеді", - деді Абаев.

Депутат өз кезегінде спикердің сөзін бөліп, мәселе "Әлем барысы" емес, "Қазақстан барысына" қатысты екенін нақтылап кетті. "Түсінікті. Бұл мәселені қайта қарастырамыз", - деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары.