Мусин жол апатын тіркеу тәртібі өзгеретінін айтты

358
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр Бағдат Мусин жол апатын тіркеудің "еурохаттама" жүйесін енгізу туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

"Мысалы, сізбен (ішкі істер министірлігі – Sputnik), қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп "еурохаттаманы" ойлап таптық. Қазір заң күшіне енеді. Ал содан соң, түгел автоматтандырамыз. Жол апаты болған кезде көлік жүргізуші бес минуттың ішінде фотосын түсіріп, ары қарай жүре беретіндей қылуымыз керек ", - деді Мусин ішкі істер министрлігінде өткен кездесуде.

Айта кетері, бұған дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібін енгізуге қатысты ақпарат таратқан болатын. Соның арқасында көлік жүргізушілері полицияны, тіпті, сот шешімін күтпей, сақтандыру төлемдерін рәсімдей алады.

Қазіргі кезде көлік жүргізушілері сақтандыру төлемін алу үшін жол полициясын күтеді. Хаттамалар рәсімделгеннен кейін сот шешімі шығуы керек. Сөйтіп, екі айдай уақыт кетіп қалады.

Ал сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі бойынша жол апаты болған кезде барлық құжат жылдам рәсімделеді. Полицияның хаттамасы мен сот шешімі қажет емес. Осылайша жол апаты бойынша сақтандыру төлемін жылдам алуға мүмкіндік жасалады.

Бірақ бірнеше шарт болады. Олар:
екі көлік құралының соқтығысуы;жол апаты кезінде көлік құралдарына ғана зиян келуі (адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру және үшінші тұлғалардың мүлкін зақымдау болмау шарт);
сақтандыру полисінің болуы;екі көлік жүргізушінің өзара келісуі;сақтандыру төлемі 100 АЕК-тен (306 мың теңгеден) аспауы.
Барлық өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасы арқылы жіберіледі.

Айта кетері, халықаралық практикада сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі кеңінен тараған.
Оны "еурохаттама" деп атайды. Бүгінде еурохаттама Еуропада ғана емес, Ресей, Беларусь, Украина, Армения мен Өзбекстан сияқты ТМД-ның бірқатар мемлекетінде бар.