Батыс Қазақстан облысында қыз тоқ соғып мерт болған: Анасы бір жыл өтсе де ешкімнің жазаланбағанына наразы

258

Алты жастағы Айя Жұмалиева Батыс Қазақстан облысы Дерқұл ауылында тоқ соғып мерт болған. Бала мұнда анасы және үлкен ағасымен қонаққа келген. Арада бір жыл өтесе де, жазықтылар жазаланады деген үмітпен анасы құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр. Алайда әзірге еш нәтиже жоқ дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап. 

қыз
Қайғылы оқиға 2021 жылдың 2 мамырында болған. Айя өзге балалармен аулаға ойнауға шыққан. Осы сәтте жоғары кернеуде болған құбырды ұстап, мерт болған. 


Анасы Әлия Наубетова сол күні барлығы жылдам болғанын, қорқынышты түс секілді екенін айтады. 


"Балалар аулада ойнап жүрген, қызым газ құбырын ұстаған соң, бірден құлап түсті. Үлкен ұлым жанында болған, көтеріп үйге алып келді. Бастапқыда не болғанын түсінбедік, тоқ соқты деп ойламадық. Есінен танып қалған шығар деп топшылап, жедел жәрдем шақырдық. Дәрігер де қызымның не себепті есінен танып қалғанын білмей, таңырқап қалды. Денесінде жарақат пен көгерген орындар болмады. Медбике ұлымнан Айяның есінен танып қалған орынды көрсетуін сұрады. Ол жақындап құбырды ұстаған сәтте, ұлымды да тоқ соқты. Дәрігер алғашқы көмек көрсетіп, массаж жасады. Сосын қызым тоқ соғу салдарынан мерт болды деген қорытындыға келді. Полиция шақыртылды. Оқиғадан 15-20 минуттан кейін Дерқұлда жарық сөндірілді", – деп еске алады Әлия Наубетова

Сот—медициналық сараптама қыздың тоқ соғу салдарынан мерт болғанын нақтылаған. Алайда газ құбырының неліктен жоғары кернеуде болғанын, кім кінәлі екені тергеу анықтап жатыр. Әлия Наубетова құзырлы органдар табалдырығын тоздырғанын айтады. Сонымен қатар тергеуші де бірнеше мәрте ауысқан.

"Барлығын кезекті тергеушіге айтып беру маған қиынға соғады. Тергеу әлі жүріп жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Полиция басқармасының басшысы Нұрлан Бисеновке, полиция департаментіне арыздандым. Олар мұндай оқиғаның Оралда алғаш болғанын, тексеру шараларын жылдам жүргізетінін айтты. Алайда нәтиже жоқ, құрғақ уәде. Өзім қоңырау шалып, хат жазамын, басқармаға барамын, осылай бір жыл өтті. Өз баласын жерлеу – ана үшін ең қиын дүние, мұны ешкімнің басына бермесін. Ал кінәлілердің жазаланбауын білу бұдан да қиын. Тіпті 12 жастағы ұлым да кінәлілер табылды ма деп сұрайды. Себебі дәл сол күні қызымның жанында болды, үйге көтеріп алып келді. Көз алдында мерт болды", – дейді Әлия Наубетова

Әйел қызының көңілді, бауырмал болғанын көзіне жас алып еске алады. Биге қатысып, мектепке баруды армандаған, бірақ үлгерген жоқ.
 
"Қызым өмірінің ең тәтті кезінде мерт болды. Бір жыл өтті, сонда да ауыр. Бастапқы уақытта үйге кіре алған жоқпын. Оның дауысын, әңгімесін, би үйірмесінде үйренген қимыл-қозғалыстарын қалай көрсеткенін еске аламын. Мектепке баруды армандады, өз сөмкесі болғанын қалайтын. Қазір екінші сыныпты аяқтайтын еді, бірақ тағдырына жазбапты. Дәрігер болғысы келетін. Шарасыздықтан жылап, айқайлағым келеді. Балаңды жоғалтасың, оның үстіне кінәлілер емін-еркін өмір сүріп жүр", – деп қосты Әлия

Бастақыда Айя Жумалиеваның өлімі бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша қылмыстық тергеу бастаған. Полиция департаментінің баспасөз қызметінде тергеу жүріп жатқанын және тоқ көзі әлі анықталмағанын мәлімдеген.