ҚЫЗЫЛЖАРМА ТҰРҒЫНЫ: ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІК ҚОҚАН-ЛОҚЫ КӨРСЕТТІ

1 792
Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округінде орналасқан көпқабатты тұрғын-үйдің ауласы балалар өміріне қауіп төндіріп отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қызылжарма ауылдық округі Сексенбаев көшесіндегі №2 үй бөгде адамның көзіне бірден түседі. Әлдеқашан тозығы жеткен көпқабатты үйдің кемшіліктері де жетерлік. Бірақ бұл үйдің басты атрибуты - үйдің ауласында қатарынан тізілген әртүрлі дәретханалар саны мен аула ортасында орналасқан тастанды сарай. 2 қабатты тұрғын-үйдің саны 4, ал пәтер саны - 48. Мұны ауладағы дәретханалардың саны бойынша анықтауға болады. Өйткені барлық пәтерлердің иелері көпқабатты үйдің ауласынан өздеріне бөлек дәретхана қазып алған. Жағымсыз иістерге үйренген кішкентай балалар әжетхананы айналып ойнап жүргендігінде байқадық. 

Бірінші қабатта тұратын осы үйдің тұрғындарының бірі Ибраева Күлбараш тұрғындардың басқа да әлеуметтік мәселелерінің бар екендігін айтып берді. Оның айтуынша, үй тұрғындары ауызсуды алу үшін түңгі 2-3 шамасында су жинақтайды екен. Күндізгі уақытта судың сығырайып ағатындығын жеткізді. 


«Біздің аулада 2 этажды 4 үй, 48 пәтер бар. Аула қоқысқа толы, мына сарайдың түрі осы. Алдымыз жаз балалардың өміріне қауіп төнеді деп қорқамыз. Кешкісін ішімдік ішкендер келіп паналайтын болды. Бұрын әрбір үйге қыстық отын жинау үшін әкімдік тарапынан салынған сарай болатын. Кейіннен газге қосылғандықтан бұл сарайды әкімдіктің жұмысшылар келіп, ағаш есіктерін жағар отын үшін жұлып әкеткен.  Біздің аулада шешімін таппай отырған бір емес, бірнеше мәселе бар. Ал, әкімдік мәселені оңтайлы шешу үшін емес, одан ыңғайлы құтылу жолдарын іздеуде. Біздің аулада асфальт түгілі шиыршық тас та жоқ. Жаңбыр жауған күні аяқ басып жүруге мүмкіндік болмайды. Амалдың жоқтығынан бала мен қоса өзіміз былшылдатып басып келеміз. Дамыған ел болсақ та, әжетханамыз үй ауласының алдында, әр үйдің бір-бір әжетханасы бар. Ауызсуымыз болса мардымсыз. Әкімдік мән-жайдан хабары болса да, көмегі жоқ», - деді Мұсабаева Зәуре.



Расында, аула қоқысқа толы. Аяқ басып жүруге мүмкіндік жоқ, тіпті әжетхананың иісі де мен мұндалап тұр.  Ал, аулада кішкентай балалар көп, бірақ ойын алаңдары жоқ екендігін аңғардық. Алайда, бұл ауылдық округтің басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін таппай тұрғанын айтқан тұрғындардың жергілікті әкімдікке наразылығын жарыса жеткізуде.


«Осы үйдің тұсынан екі бөлмемнің бір бөлмесін «Шаштараз» ашқан едім. Енді осы кәсібімді көп көрген әкімдіктің жетекші маманы әрдайым қоқан-лоқы көрсетіп жүреді. Комиссия жіберемін, тексеріс жіберемін деп қорқытатындығы тағы бар. Осы кеше ауылымызға әкім келеді «Шаштараз» сыртын сырлап, әкте деп әкімдік заңгері мен учаскілік полицейді ертіп келген. Егер әктеп, сырламасаң кәсібіңді жап деп кетті », - дейді Күлбараш.



Ең қызығы тұрғындардың айтуынша, үйдің сыртын әктегені үшін ауылдық округі әкімінің орынбасары ақы жинағандығын да жеткізді.  

«Үйдің сыртқы жұмысын жасадық деп, қолма-қол қаржы жинап, үй жағалап шықты. Сонда 1 бөлмеге-500 теңге, ал 2 бөлмелі үй – 1000 теңгеден бердік. Бұл әрекет қаншалықты заңды. Енді әкім келеді деп үйдің сыртын әрле дегені санаға сыйымсыз. Әкім келеді екен деп, көзбояушылықпен шығарып салу керек пе? Шынайы дүниені неге көрсетуден қорқады?»,- дейді Ибраева Күлбаршын. 

Көпқабатты үйге қарама-қарсы бетте, байырғы ескі мешіттің орны бар. Құмдары тау болып көмкерілгенімен, арғы жағында балалар ойын-алаңын аңғаруға болады. Алайда,  мешітті бұзу барысында ауыр техникалармен балалардың қызығына айналған әткеншектерді де темір- терсек секілді қопарып тастаған. Алайда, 2014 жылы берілген ойын алаңшасы бүгінгі күні жарамсыз болып отыр.




Бұл жөнінде Қызылжарма ауылдық округінің әкім орынбасары: 


 «Біз ол үйден хабарымыз бар. Алайда, биыл қаражат қарастырылмаған сарайды қалпына келтіру үшін қыруар қаржы керек. Ол сарай бүгінгі күні жарамсыз болғандықтан 1 айдың көлемінде бұзылады. Сол үйге қарсы бетте орналасқан ескі мешіттің орнына спорт кешені түседі деп жоспарлануда. Ал дәретханаға қатысты, салып беруге мүмкіндік жоқ. Себебі канализация жоқ.  Біз көмек ретінде модернизациядан өткізу үшін тиісті сала мамандарын шақырып беруге дайынбыз.  Ал, ауызсу бүкіл ауыл бойынша басты мәселе. Бізде 4 скважин бар, алайда, алдағы уақытта скважин санын көбейту жоспарлап жатырмыз. Ойын алаңдары бойынша, айтар болсақ бұрыңғы ескі мешіт орнындағы жарамды ойын алаңдарын қайта орналастыру  жоспарда бар», - деді Нұрсұлтан Алмасұлы.



Үлкен қаладағы кейбір азаматтар өркениеттің қарапайым игілігіне әлі де қол жеткізе алмай келе жатқандығына кім кінәлі? Кеңес дәуірінде салынған дәретханалар ондаған шақырымға дейін жағымсыз иісті, әсіресе жаздыгүні қатты шығады, көбісі демалуға деген құштарлығын жоғалтады. Ауладағы дәретханалар, әр үйдің жеке пайдалануында, тіпті құлыптаулы. 

Халық арасында кең тараған Комсомолдың гүлдену кезінде салынған дәретханалар бүгінде балалардың тығылмашақ ойнайтын мекеніне айналды.



АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ ​​​​