Петропавлда екі апта бұрын жоғалып кеткен 22 жастағы қыз табылмай жатыр

432
Петропавлда екі аптадан бері із-түзсіз кеткен 22 жастағы Елизавета Матюхинаны іздеу жұмысы жалғасуда.
Елизаветадан 3 сәуірден бері хабар жоқ. Ол сол күні түстен кейін үйінен шығып, қаланың орталығы арқылы 4 шақырым жерді жаяу жүріп өтіп, артынша Косогор ауданына өткен. 

Полицейлер оның жүру бағытын бейнекамералар арқылы анықтаған. Алайда, жер үйлерден тұратын Косогор бақылауға енбейтіндіктен, Елизаветаның қайда бет алғаны белгісіз. Көшені тінтіп жүрген тәртіп сақшылары тіпті дронның көмегіне жүгінген.

"Қыздың жоғалуы жөнінде арыз бізге сәуірдің 6-сы күні түсті. Біз жедел іздестіру шараларының барысында оның Косогор ауданына кеткенін біліп, ондағы барлық үйлерді аралап шықтық. Одан бөлек, Саяжай қоғамдары мен Заречный кентін де қарадық. Қазір Есіл өзені арнасынан асты, сондықтан іздеу жұмыстары қиындай түсті", – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұмалиев. 

Қазір іздеу шараларын еріктілер қолға алған. Іздеу жұмысына 50-ге жуық ерікті де атсалысуда. Бірнеше топтан құралған олар шаһардың бірнеше ауданын бастан-аяқ шарлап жүр. 

"Анасының айтуынша, былтыр Елизаветаның ағасы қайтыс болған. Оның жүрегіне қатты батып, мінезі тұйық болып қалған. Ол сол күні ұрыс-керіссіз кетіп қалған. Біз қаланың барлық аудандарын аралап шықтық. Жұрт оны әр-әр жерден көргенін айтады. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Еріктілер күнде негізгі жұмысынан босағаннан кейін бірден іздеуге кіріседі", – дейді еріктілер қозғалысының жетекшісі Кристина Ашпекова. 
Полицейлер де, еріктілер де іздеу жұмысы жалғасатынын айтты.