ӘЙЕЛДІ ҰРУ "ҚАЙЫРЛЫ" ІС ПЕ?

596
Түркістанда күйеуі әйелін балаларының көзінше айуандықпен ұрып өлтірген, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы кездері желі қолданушылары арасында жиі әрі қызу талқыланып, қоғамдық резонанс тудырып жатқан «Әйелді ұру» мәселесі. Әйелінің бағынбау, қарсы шығу әрекеттерін алға тартқан ерлеріміз нәзік жандыларды жауыздықпен өлтіруді әдетке айналдырғандай
Расында бүгінгі күні жұдырығын ала жүгіретін күйеулердің қатары күннен күнге азаймаса көбейіп кеткендігі жаға ұстатып отыр.


Осы «ұру» мәселесі ортаға шыққалы әйелдер қауымында алаңдаушылық пайда бола бастады. Алайда, әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, жанұясы үшін төзуге әзір. Солай бола тұра отбасының қадірін қашырған орынсыз жанжалға көбіне әйелдердің өзін кінәлайды.  


Десек те, қара көз қыздарымыздың келін ретінде аттаған босағасында барлығы бірдей бақытты ғұмыр кешіп жатыр ма? Жанұядағы жанжалдың салдарынан әкеге деген жеккөрушілік сезімі жүрегін жаралаған талай бала тірі жетім атанып жүр емес пе? 


Бес баланың анасы  Ғалияның жасы 33-те. Күйеуінің ұрып-соққанына 11 жыл бойы төзіп келіпті. Ақыры шыдамы таусылып, кетуді ұйғарған. Есейіп қалған үш қызын әке-шешесінің жанына ауылға апарып тастайды. Бірақ әлі де күйеуімен татуласуды ойлайды. Сондықтан емізулі баласымен қалаға қайтып келіпті. Бар ойы балаларын әкесінен айырмау, ауылдағы ата-анасын жерге қаратпау. Ал күйеуі болса баласымен барар жері жоқ, көше кезіп кеткен әйелінің халін білуді ойламаған, тіпті бірде-бір рет хабарласпаған. Оған Ғалия таң қалмайды.
«Осы он бір жылдың ішінде таяқтан шаршағаннан бірнеше рет кетіп қалдым. Ешқашан хабарласып, жағдайымызды білген емес. Кешірім сұраған да емес. Сонда да келін болып аттаған босағамды қимай, өзім қайтып келіп жүрдім. Балалардың көзінше де массаң күйде жұдырықтап ұратын, одан пышақ ала жүгіруді де шығарды. Өзім үшін емес балаларым үшін қорықтым»дейді.

Расында қазіргі таңда дағдарыс үйін мекендейтін аналардың қатары да көбейген.  Барар жер бас тауы қалмаған ана шарасыздықтан «Аналар үйін» мекен етуде.


Психологтардың айтуынша, балаларының көзінше анасын ұрып-соғу арқылы әке болашақ қатігез ұрпақ тәрбиелеп жатады. Соны өздері түсінбейді. Психолог мамандар жанұяда әйелдің зорлық-зомбылыққа шыдап жүре беруінің себебін ата-анадан алған тәрбиемен байланыстырады. Өйткені қазақтар қыз баланы күйеуге "еті сендердікі, сүйегі біздікі" деп береді. Отбасында жанжалдың орын алғанына тек әйел адамды кінәлайды. Ал әйел адам таныстары мен туған-туыстары біліп қалмау үшін соның бәрін жасыруға тырысады. дейді психоаналитик Зүбайда Кененбаева.
Қасиетті дінімізде әйел затына қол жұмсауды құп көрмейді. Тіпті бұл мәселеге қатысты шариғатта белгілеп қойған шарттары бар. 


«Бірінші, насихат, уағыз айту. Екінші, төсек қатынасын біраз уақытқа тию. Ол да – тәрбиенің бір түрі. Әйел ренжігеніңізді біліп, кешірімге келу керек. Ал кішкене қол тигізу арқылы еркек өзінің наразылығын білдіреді. Бірақ ол – көкала қойдай қылып сабау дегенді білдірмейді. Әйел адам түсініп, өзі бір тоқтамға келуі тиіс. Өйткені әйел адам көбіне тілінен табатыны білеміз»,- дейді наиб-имамы Нұрболат Қалдарбеков.

 АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ