Қызылорда қаласында жаңа электр станциясының құрылысы бойынша инвестор анықталды
164
Қызылорда қаласында жаңа электр станциясының құрылысы бойынша инвестор анықталды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ағымдағы жылғы 13 шілдеде «ЭҚРҚО» АҚ алаңында генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттық өтті. Осы аукциондық сауда-саттық шеңберінде Қызылорда қаласында белгіленген электр қуаты кемінде 240 МВт болатын жылу энергиясын беретін бу-газ қондырғысын салуды көздейтін жоба бойынша инвесторларды іріктеу жүргізілді.
Аукциондық сауда-саттық тетігі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі реттеу қуатының тапшылығын жабу мақсатында, сондай-ақ халықты және кәсіпкерлік субъектілерін сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін енгізілді.
Осы тетікті имплементациялау шеңберінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тиісті нормативтік құқықтық актілерді, генерациялайтын қондырғыларды орналастыру жоспарын және аукциондық сауда-саттықты өткізу графигін дайындады.
Аукциондық сауда-саттыққа екі қатысушы жіберілді. Аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Алматы қаласындағы «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» акционерлік қоғамының филиалы жеңімпаз болып жарияланды. Бұл ретте аукциондық сауда-саттық шеңберінде электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке тарифті айына 11 612 100 теңгеден 11 591 000 тг/МВт*дейін (ҚҚС-сыз) төмендетуге қол жеткізілді.
Аукциондық сауда-саттық жеңімпазы 2025 жылға қарай электр станциясының құрылысын аяқтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы заңнамада көзделген талаптарды орындауға міндетті.
Өз кезегінде, инвестор үшін электр қуаты нарығы шеңберінде 15 жыл ішінде «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС тарапынан 240 МВт электр қуаты көлеміне салынған инвестициялардың кепілдендірілген қайтарымы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ басқа да қолдау шаралары, оның ішінде отынды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету, сыртқы газ құбырын және электр желілік инфрақұрылым салу көрсетіледі.