"Мал табумен ер адам айналысуы керек": Компаниясынан барлық әйелдерді жұмыстан шығарып жіберген алматылық кәсіпкер сынға қалды

280

Кәсіпкер Ақжол Талғатұлы әлеуметтік желіде компаниядағы барлық әйелдерді жұмыстан шығарып, топта тек 5 ер адамды қалдырғанын айтып берген видеосы жарияланды. Бұнымен қоса ол басқа жұмыс берушілерді де осындай ұстанымға шақырған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.


Фото: видеодан скриншот

Cоңғы күндері менің оқырмандарымды таңғалдырған ең үлкен жаңалық – бұл менің қыз балалардың барлығын жұмыстан шығарғаным. Бізде компанияда 22 адам болды. Қазір тек қана бес адам қалды және оның бәрі ұлдар. Бұл қыздардың құқығын шектеу ме? Жоқ. Білесіздер, менің түсінігімде, мал табумен ер адам айналысуы керек”, – дейді ол.


Оның айтуынша, жұмысқа тек ер адамдар ғана қабылдануы керек. Ал қыз балалардың өзінің мұраты бар. 


Қыз бала одан жоғары. Енді қараңыз, мені оны жұмыстан шығардым. Мүмкін, ол басқа жаққа барып бәрібір жұмыс жасайды ғой деген ой тууы мүмкін.  Бірақ бұл процесті біреу бастау керек қой. Бір ер адам бастауы керек. Екіншіден, сол мен жұмыстан шығарған қыздардың өмір тарихында, ойында “сен мұндай жұмыспен айналыспа, сен одан жоғарысың деп” қалу керек. Кезінде жұмыстан шығарған деген оқиғаны сол қыздар кейін тарих қып айтып отыратын болады. Осылай өзгеріс бастамасы болсын деп, ер адамдарды еңбекке шақырып, ал қыз балаларды өзінің мұратына арнау мақсатында осындай ұстанымымызды біз іске асыра бастадық”, – деген ол видеода. 


Автор кейін бұл видеосын жеке парақшасынан өшіріп тастаған. Бірақ әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыланып жатыр. Адвокат Жанна Мұхамади жұмыстан босатылған әйелдерге оны сотқа беруге кеңес берді. 

"Мен бұл қыздарды тауып, конституциялық құқықтарының бұзылуы бойынша осы кәсіпкерді сотқа бергім келеді. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкім ешкімді кемсітуіне болмайды!" – деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.



Адвокаттың жазбасының астына пікір қалдырған адамдар жұмыссыз қалған әйелдерге жаңасын табуға көмектесуге дайын екендіктерін мәлімдеп, жас кәсіпкердің мұндай шешіміне наразылықтарын білдірді. 

Сондай-ақ Мұхамади жағдайды Ауғанстанмен салыстырды. 

Ең жаманы, ол барша кәсіпкерлерді әйелдердің бәрін жұмыстан шығару керек деген мағынадағы бір флешмобқа шақырып отыр. Бүгінде Ауғанстан әйелдерінің білім алу мен жұмыс істеу құқығы шектелген, оны қорғаймын дегендерін атып өлтіріп жатыр. Ал Қазақстанда әйелдер жұмыс істей алмауы үшін олардың жұмыстан шығарып жіберді. Сәйкестік тым көп емес пе?– деп жазды адвокат.