14 тамыз — Құрылысшылар күні
Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылысшы — адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айының екiншi жексенбiсiн «Қазақстан құрылысшылары күнi» деп жариялаған болатын, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Құрылыс индустриясы — экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбейдi.
Құрылысшылар күні қарсаңында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде сала қызметкерлерін марапаттауға арналған жиын өтті. Атаулы датаға орай ұйымдастырылған шараға қатардағы жұмысшылар, жобалаушылар, архитекторлар мен құрылыс саласының ардагерлері қатысты.
Салтанатты рәсімде ведомство басшысы құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің әлеуетінің артуында құрылыс саласының маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Қайырбек Өскенбаев өз сөзінде құрылысшыларды кәсіби мерекесімен тек қана ИИДМ ғана емес, сонымен қатар барлық қазақстандықтар құттықтайтынын айтты.
ИИДМ басшысы құрылысшыларға зор денсаулық, баянды бақ-береке мен толағай табыс тіледі. Сонымен қатар ол ерен еңбегімен көзге түскен бір топ қызметкерге арнайы салалық марапаттар табыстады. Атап айтқанда, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен «Granite» ЖШС бригадирі Құрман Кенжеғараев, «Bazis Construction» ЖШС мұнаралы кран айдаушысы Марат Мурбеков, «Иртыш - АС» ЖШС арматурашысы Асантай Мұсаев пен «Сапа» ЖШС техникалық қадағалау бөлімінің басшысы Болат Кизиев марапатталды.
Ал «Құрметті сәулетші» төсбелгісі «Ғимарат-Горпроект» мекемесінің директоры Үсен Жұмагелдинге, «Құрметті жолшы» белгісі ДЭУ-62 көлік жүргізушісі Виктор Мишенин, «Қазавтожол» АҚ ақылы автомобиль жолдары департаментінің машинисті Валерия Духшерер және «ҚАЖ» Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы Райхан Күлпешовке берілді. Ал құрылыс саласының ардагері Көкен Дюсуповке Қайырбек Өскенбаев «Еңбек ардагері» медалін салтанатты жағдайда табыстады.