"Бізді мұнда жақсы көрмейді": Ресей азаматы қазақстандық ХҚКО-ны "жұпыны" деп атап, қызмет көрсету сапасына шағымданды

255

Анна Межова есімді Ресей азаматы Қазақстанға келіп ЖСН алғысы келгенін, алайда халыққа қызмет көрсету орталығында бірнеше мәселеге тап болғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: ЦОН

Сөзінше, елімізде орыстар келмеу үшін "қолдан келгеннің барлығын жасап бағуда". Әлеуметтік желіде жазба қалдырған ол ХҚКО-да қызмет көрсету сапасының да төмен екенін мәлімдеді. 
Әйелдің айтуынша, Ақтөбеге келіп, ЖСН алғысы келген. Кейін қолөнерге қажетті заттарға интернет-дүкендер арқылы тапсырыс беру үшін банк картасын ашпақшы болыпты.


"Блогерлер айтқандай, келіп халыққа қызмет көрсету орталығына барасың. Сосын келесі күні жеке сәйкестендіру нөмірін аласың. Дегенмен іс жүзінде барлығы оңай болмай шықты. Дүйсенбіде ХҚКО-ға барып, ұзын-сонар кезекке тұрдым (алдымда 69 адам болды). Айта кету керек, барлығын оператор рәсімдейді. Сен ештеңе істемейсің, "Камераға қара" деп айтуын күтесің. Келесі күні құжаттың дайын екені жайлы хабарлама келеді. Ал ХҚКО-ға барғанда сені тосынсый күтіп тұрады", – дейді ол. 



Айтуынша, құжатын алу үшін ХҚКО-ға қайта барғанда ЖСН беруде бас тартылған. Өйткені оператор қала атауын жазуды ұмытып кеткен.


"Бірінші өтінішті толтырған оператордың "жылдың үздік операторы" екенін айта кеткен жөн. Наразылығыма мұндай жағдай болып тұратынын айтты, құжатты екінші рет толтыру керек деді. Бұл кезде кезекте 54 адам болды. Оператордан барлығын дұрыс толтыруды сұрадым. Ал ол маған мұның ештеңеге әсер етпейтінін, орыстардың апталап жүріп ЖСН ала алмайтынын айтты. Бас тартудағы басты себеп – сапасыз сканерлеу. Екінші ретте менде осы үшін бас тартылды", – деп жазды ол. 


Ресейлік әйел өзге адамдармен сөйлесе келе Ресей азаматтарына түрлі себеппен ЖСН берілмейтінін, олардың апталап ХҚКО-да жүретінін білген. 


"Өздеріңіз қорытынды шығарыңыздар. Менің қорытындым – мұнда бізді жақсы көрмейді және күтпейді. Орыстар келуін тоқтату үшін барлығын жасап жатыр. Бұл менің тақырыбым емес, дегенмен жазайын деп шештім. Жергілікті чатта Оренбург облысының вице-губернаторының бизнесмендермен бірге Қазақстанға баратыны туралы ақпарат келді. Ресми деңгейде барлығы әдемі айтылатыны сөзсіз. Ал ХҚКО-ға келген бизнесмендерге құжат беруде бас тартылады", – дейді Анна Межова. 



Сонымен қатар әйел ХҚКО ғимаратында барлығы сары қағазға шығарылатынын, себебі кеңсе қағаздары Ресейден жеткізілетінін атап өтті. Әрі ХҚКО-да қызмет көрсету сапасы өте төмен деп шағымданды. 


"Үкімет ғимараттары үлкен, ал ХҚКО жұпыны, эскалатор жұмыс істемейді, адамдар көп, ғимаратта ауа жоқ. Адамдардың өмір сүру деңгейі де төмен", – деп түйіндеді ол. 


Ресейлік әйелдің жазбасына пікір қалдырған Александра Ушакова есімді желі қолданушысы "мұнда орыстарға риза емес" деген түсінікпен келіспейтінін атап өтті. 


"Барлығың бір уақытта келгендіктен, ХҚКО жүйесінің жұмысына ауыртпалық түсті. Біз сендерде тіркелгенде де барлығы жеңіл шешілмейді. Әрі Ресейге бір уақытта 75 мың қазақстандық барған жоқ. Мұнда сендерге санкцияны айналып өтіп, жұмыс істеуге және өмір сүруге мүмкіндік берді. Бірақ бұған да риза емессіңдер. Мен мұнда туғалы өмір сүремін және барлығына деген көзқарас жақсы", – деп жазды ол. 


"ХҚКО-ға барудың керегі жоқ, МИР картасын қолданыңдар. Жарамды банк картасын алу үшін шетелге шығатын жағдайға жетті, тағы қызмет көрсету сапасына шағымданады”, – деп жазды Жанна Ильиёва есімді желі қолданушысы. 


Болған жағдайға қатысты "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері де пікір білдірген. 


"Қайырлы күн, мен Ақтөбе облысы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының PR-менеджерімін. Бізге жеке хабарлама арқылы байланыс нөміріңізді жазып жіберсеңіз. Біз бұл мәселені шешіп, қызмет алуда көмектесеміз", – деп жазды Әсел Дәрменқұлова.