МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС XVІІІ СЕССИЯСЫНДА «ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» ДЕП ТАНЫЛДЫ
Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVІІІ сессиясы өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мәслихаттың кезектен тыс XVІІІ сессиясында «ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» аталды:
1.Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы - Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Таң ауылында 1969 жылы 25 тамыз айында дүниеге келген. 1986 жылы Таң ауылындағы орта мектепті бітіріп, 1986 жылы Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтының филиалына түсіп, 1987 жылы Кеңес әскері Қарулы Күштер қатарына Беларусь Республикасының 39864 әскери бөліміне шақырылып, атқыштар бөлімшесінің командирі қызметін жақсы деген бағамен 1989 жылы өз әскери міндетін аяқтаған. 1993 жылы Таң совхозында механик, 1994-1998 ж.ж Жалағаш аудандық «Асар» асосациясында инженер – механик,, 1998-2003 ж.ж Таң ауылдық округі әкімі, 2003 жылдан осы уақытқа дейін «Таң ЛТД» ЖШС директоры қызметін атқаруда. Кәсіпкер «Таң ЛТД» ЖШС 110 миллион теңгеге үлкен көлемде күріш зауытын іске қосып, 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, Таң ауылынан 300 миллион теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын ашып, 21 адамды жұмыспен қамтыған. Қазақ спортын дамыту мақсатында 56 миллион теңгеге «Спорт кешенін» ашқан. Ал, бүгінде «Таң ЛТД» ЖШС мекемесінде 225 ауыл тұрғындары еңбек етуде. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 миллион теңге қаражат бөліп, үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жолдың бойын жарық шамдары мен көше бойының екі бетін қоршау жұмыстарын жүргізген.
2.Қасымов Төлепберген Смағанбетұлы - 1932 жылы 27 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі мен ұстаздық жолдағы айрықша белсенділігі үшін қызметі жоғары бағаланып, облыстық, республикалық, Кеңестер Одағының марапаттауларына ие болған ұлағатты ұстаз. Республика бойынша үш азаматқа «КСРО – халық мұғалімі» атағы берілген. Соның бірегейі Қасымов Төлепберген Смағанбетұлы.
«Кәсіптік білім саласының еңбегі сіңген қызметкері» атақтарымен марапатталған. Бірнеше мәрте КСРО - жоғарғы Кеңесінің, КСРО-ң ғылым академиясының құрметтеріне ие болған.Есімі КСРО-ң үлкен энциклопедиялық сөздігіне, мемлекеттік Құрмет кітабына енген. Сондай-ақ портреті Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі құрмет тақтасында ілінген. Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Белсенді еңбегі үшін» грамотасымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
3.Подольский Марк Захарович - 1932 жылы 25 ақпанда Украинаның Смела қаласында дүниеге келді. Білімі - жоғары, 1956 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Қызылорда облысының еңбек сіңірген қайраткері, «Облыстың ең үздік директоры», «Қаланың үздік директоры» номинацияларының жеңімпазы. Марк Захарович 60 жыл бойы білім беру жүйесінде жұмыс істеді. Еңбек жолын пионер көшбасшысы ретінде бастаған, Макаренко балалар үйінің тәрбиешісі болып жұмыс істеді, № 120 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1978 жылдан 2002 жылға дейін № 198 орта мектептің директоры болып жұмыс істеді. Марк Захарович Қызылорда қалалық білім беру бөлімінің кеңесінің мүшесі. Марк Захарович жаңашылдықты сүйетін директор болып табылады. Оның басшылығымен "Үлгілі үй", "Екіліксіз үй" секілді жобалар жүзеге асырылды. Марк Захарович өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге көп көңіл бөлді. Мектеп жанынан тігін ісі бойынша шағын цехтарды жабдықтады. Қызылорда облысында алғаш рет 1986 жылы салауатты өмір салты бойынша семинар ұйымдастырып, дене шынықтыру сабақтарында стандартты емес спорт жабдықтарын қолдануды көрсетті. Уақыт өте келе Марк Захарович балаларды еңбек сабағында ақша табуға үйретеді, соның арқасында №198 орта мектеп Республикадағы алғашқы мектеп – миллионер болды.Білім саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Парасат» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
4.Шәріпов Жарылқасын - 1941 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Бозкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1963 жылы Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығын ирригациялау және механикаландыру институтын, 2002 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық университетін бітірген. 1963-1968 жылдары Бозкөл кеңшарында машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, Энгельс атындағы кеңшардың және Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері, 1968-1975 жылдарда Энгельс атындағы совхоздың директоры, 1975-1988 жылдары Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 1988-1991 жылдары облыстық Агроөнеркәсіптік бірлестігі бастығының орынбасары, облыстық Агроөнеркәсіптіктехника бірлестігінің бастығы. 1991-1994 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық Кеңес төрағасы, аудан әкімі қызметтерін атқарды. 1994-1996 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, 1996-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүліктер жөніндегі орталықтың директоры. 2003 жылдан облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендері және басқа да медальдармен марапатталған. 2009 жылы ІҮ шақырылған Қызылорда қаласының мәслихатының шешімі, Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен облыс, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып, ел игілігіне жасаған қызметі үшін «Қазалы ауданының құрметті азаматы» Жарылқасын Шәріповке «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
5.Жандарбек Мәлібекұлы - 1942 жылы Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген.Ташкент қаласындағы ғылыми-зерттеу жобалау институтының қала құрлысы шеберқанасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетші болған. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында өзіндік үлесін қосып, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы ретінде танылған бірегей сәулетші. Еліне қалтқысыз қызметі үшін «Құрмет», «I дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалімен марапатталған. Бүгінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ақсақалдар алқасының мүшесі.
6.Алматов Алмасбек Нұрмаханұлы - Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Кемесалған ауылында 1956 жылы 13 ақпан айында дүниеге келген. Жыршы-орындаушы, сыр бойындағы жыраулық дәстүрді жалғастырушылардың бірі, комсомол сыйлығының лауреаты.Тұрмағамбет шайырдың Шаһнама эпопеясын насихаттаушы, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші. Жыр қорында сыр сүрейлерінің терме толғау дастандарымен қатар өзінің қаламынан туындаған Қазына, Шыңғыснама тарихи дастандары бар. Ұлттық мәдениеттің дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін «NAURYZ - 2021» тұңғыш ұлттық премиясын иеленді. Жауһарлы жырдың тұлғалы перзенті. «Парасат» орденінің иегері.
7.Баймаханов Болатбек Бимендіұлы – 1962 жылы 3 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. «Денсаулық ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілерінің иегері, «Құрмет», «Отан» ордендерімен наградталған білікті дәрігер, ғалым, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты хирург, қоғам қайраткері, 200 – ге ғылыми-тәжірбиелік мақаланың авторы. Болатбек Бимендіұлы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің денсаулық саласының дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. «Қазақстанның – 100 жаңа есімінің» жеңімпазы, 2000- нан астам ота жасап, адам өміріне араша түскен білікті дәрігер,өңір азаматтарына тегін ота жасап, дәрігерлерге шеберлік сабақтарын жүргізіп жүрген Сыр жанашыры.