Қызылордада «Бірқазан» көлі аяқ асты «жер теліміне» айналып отыр
Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентіндегі «Бірқазан» көлі ауыл шаруашылық мекеніне айналды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде әлеуметтік желіде көпшіліктің қызу талқылауына түскен Бірқазан көлі. Қызылорда облысының оңтүстігінде орналасқан көл мен көл астындағы жердің де екі бірдей иесі бар деген ақпарат кеңінен тарауда. Бұл жөнінде заң кеңесшісі Әділбек Жиенбаев өзінің Facebook парақшасында жариялаған болатын.
Облыс орталығының оңтүстігінде орналасқан бұл көлді қызылордалықтар көп біледі. Себебі жазғы демалыс пен балық аулаушылар, тіпті ауыл тұрғындары да кеңінен пайдаланатын көл бүгінде жеке шаруа иелігіне кеткендігі қаншалықты рас?
Расында өлшемі бойынша айтарлықтай үлкен көлді жауапты мамандардың көрмегені, тіпті картаға енбегендігі жайында хабардар болдық. Балығы басты байлығына айналған көлдің тағдыры не болмақ?
Ал, сол аймақта кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың айтуынша, көлге келген балықшыларды бір емес бірнеше кәсіпкерлер қуып жібереді. Себебі көл жеке адамның қадағалауында-мыс.
Сонымен, мемлекеттік жер кадастры деректер базасына сәйкес, Бірқазан көлі кенеттен жер учаскесіне айналған. Яғни, көлдің өзі картада бар, бірақ дәл көл аумағында кадастрлық нөмірі 10-156-085-233 жер телімі ретінде берілген. Бқл қаншалықты заңды екенін құзырлы органдар айналысып, нақты шешімін бере жатар.
Ол жерде жер телімі жоқ, бірақ барлық географиялық карталарда көрсетілген бұрыннан көл бар екенін қалай көрмеді? Қызық, жергілікті комитет мамандары «жерді» қалай өлшеген?
Заңға сәйкес, су қоры жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге беру үшін жер комиссиясының қорытындысы қажет, оның негізінде әкімдіктің қаулысы шығарылады. Бірақ мұндай реттеу жоқ деген кәсіпкерлер ақиқатқа қол жеткізуді басты мақсат етіп отыр.
Ал көлді жалға пайдалану құқығы да басқа кәсіпкерге берілгендігі де жасырын емес. Суы ағып жатқан үлкен көлді ешкім тез арада жер теліміне айналдыра алмайтындығы анық.