"Зорлайды, ұрып-соғады". Интернат тәбиеленушілері сұмдық жайттарды айтып берді

412
Түркістан облысының Төлеби ауданындағы арнайы көмекші мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері аталған мекемедегі сұмдық жайттарды айтып берді. ВИЧ індетіне шалдыққан балалардың сөзіне сөйенсек, жасы үлкен балалар кішілерін ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетеді екен. Ал оны тәрбиешілері білсе де, ешқандай шара қолданбайтын көрінеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Экспресс К.  сайтына сілтеме.

Мектеп-интернаттағы бұл оқиға туралы қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасына жазды.
Білім мекемесіндегі жаға ұстатарлық жайттар туралы ең алдымен шымкенттік бойжеткен хабардар болған. 19 жасар қыздың өзі ВИЧ инфекциясына шалдыққан. Бұл дертке шалдыққан балалар Шымкенттегі ана мен бала орталығында ем қабылдайды екен. Бұл аурухана АИТВ (ВИЧ) дертіне шалдыққандарға арналған.
Бойжеткен 9 қыркүйек күні орталыққа ем қабылдау үшін жатқан. Сол кезде Түркістан облысы Төлеби ауданындағы мектеп-интернаттың екі тәрбиеленушісін көреді. Олар ауруханаға 5 қыркүйек күні жатқызылыпты. Бірі 17 жаста, екіншісі 14-те.


"Бұл жерде ем қабылдайтындардың барлығы ВИЧ-ке шалдыққан. Мен оларды (мектеп-интернат тәрбиеленушілерін — ред) көргенімде қолдары көгерген, беті тыртық-тыртық болды. "Не болды?" деп сұрағанымда интернаттағы зорлық-зомбылықты, сол жердегі балалар зорлайтынын, ұратынын, ыстық суға түсіретінін айтып берді. Тәрбиешілерге шағым айтса да, ештеңе істемейді екен. Қайта керісінше олар да ұрып, сондағы жасы үлкен балаларға таяқ беріп, тәрбиелеңдер дейтінін айтты. Аса қатыгездікпен қорлайды екен. Барлығы видеода бар", — делінген Facebook-те жарияланған бойжеткеннің хатында.


Қоғам белсендісі бөліскен видеода екі тәрбиеленушінің мектеп-интернаттағы бұл жайттарды айтып берген сәтін көруге болады. Онда ұл мен қыз бала интернатта шыбықпен, таяқпен ұрып-соғатынын, қарындары аш болатынын, жасы үлкендер ақша сұрайтынын айтады. Ал білім мекемесіне демеушілер келсе, "ақша сұра" деп жұмсайтын көрінеді.
Өзі секілді дертке шалдыққан балалардың тағдырына алаңдаған бойжеткен бұл оқиға туралы дереу анасына хабар берген.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар мектеп-интернат тәрбиеленушілері орталыққа жеткізілгенде (5 қыркүйек күні) олардан дене жарақаттары анықталғанын растады.


"Қаладағы емдеу мекемесіне ауысқан балалардың денесінен жарақат іздері анықталып, медициналық құжатқа тіркелді. Бұл бойынша медицина өкілдері тарапынан бірден тиісті құзырлы орган өкілдеріне хабар берілді. Дәл қазір науқас балалар орталықта толық ем алуда. Емдеу жұмыстарынан бөлек науқастарға психологиялық көмек көрсетіліп, медициналық бақылауға алынған", — деді басқармадағылар.

Медициналық мекемедегі жағдайдан соң орталыққа полиция шақырылған. Еңбекші аудандық полиция басқармасындағылар балалардан жауап алған соң іс Түркістан облысы Төлеби ауданының полицейлеріне жіберілген.

"Балаларды СПИД-тен қорғау" қорының президенті Жаннета Жазықбаева Ана мен бала орталығындағылардан бұл жағдай туралы хабар 10 қыркүйек күні кешкі сағат 8-дер шамасында келіп түскенін айтты. Дереу сонда барған қор президенті ВИЧ індетіне шалдыққан екі баланың өкілі ретінде полицияға арыз түсірген.

"Бұл жерде жәбірленуші болып отырған ұл бала, жасы 14-те. Оның айтуынша, зорлық-зомбылыққа тап болғаны туралы арыз жазылды. Полиция барлығын жазып алды. Оны тексеру кезінде денесінде ешқандай жарақат болмады. Тек қолына дәрі егілген (капельница) тұста көгергені анықталды. Бұл жағдайды өзім бақылауға алып отырмын. Бүгін ғана Түркістан облысының полицейлері хабарласып, іс өздеріне келіп түскенін айтты. Қосымша мәліметті міндетті түрде хабарлаймын", — деді ол.

Жаннета Жазықбаева аталған мектеп-интернатта ВИЧ індетіне шалдыққан осы екі бала ғана тәрбиеленіп жатқанын айтты. Қор президенті ретінде білім мекемесіндегілермен тұрақты байланысып отырамын дейді. Бұл балалар мемлекет қамқорлығында. Соңғы рет пандемия басталған кезде интернатқа ескертпестен мониторингтік тексерумен барып қайтыпты. Ол кезде ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар шулы видеодан кейін көмекші мектеп-интернатқа барып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Ондағылар балалар орталыққа жатқызыларда денелерінде ешқандай жарақат болмағанын айтқан.


"Оңалту орталығына жатқызған кезде интернаттағы медицина қызметкерлерінің ақпараты бойынша балалардың денесінде дақ немесе басқа да жарақаттар болмаған. Видео Faсebook-ке шыққан соң интернат өкілдері балалардың жағдайын білу үшін орталыққа барды. Ол кезде қолдарында тамырдан қан алған және дәрі еккен кездегі ізден басқа жарақат байқалмады. Қазіргі таңда тәрбиеленушілер ем қабылдауда", — дейді аталған басқармадағылар.


Жауаптылардың мәліметінше, білім мекемесінің ауласында, жатақханада, мектептің өзінде 39 бейнебақылау камерасы орнатылған.
"Барлық бейнекамералар стандартқа сай ақпаратты бейнетаспада 29 күн сақтайды. Тамақтану бойынша ата-аналар тарапынан ешқандай шағым келіп түспеген. Және де мектеп-интернаттағы балалардың асханасы жекеменшік-мемлекеттік әріптестік шеңберінде жеке кәсіпкерге берілген. E-ASHANA электронды жүйесі арқылы балалардың тамақтану процесін бақылауға болады. Барлық ата-аналарға тиісті логин және парольдері берілген. 2021 жылы Балалар құқғын қорғау комитеті тарапынан интернаттың оқу-тәрбие процесі тексерілген. Балалардың жан-жақты дамуларына барлық жағдай жасалған" деп қосты басқармадағылар.
Қазіргі таңда полицейлер мән-жайды анықтап жатыр.
Айта кетейік, ерекше білім беруді қажет ететін зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернатта бүгінде 145 бала білім алуда. Олардың арасында ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар да бар.