Қаржы пирамидасын құрған азамат сотталды

209

"Лидер-Капитал-168" атауымен қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 400-ден астам адамды шығынға ұшыратқан алаяққа үкім оқылды, деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі Экспресс К. ға сілтеме жасап

Қылмыстық істі Қазыбек би аудандық соты қарап, күдіктіні 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол ҚК 217-бабының 3-бөлігі (Қаржылық (инвестициялық) пирамида құрып және басқарып, аса ірі көлемде ақша тарту) және 385-баптың 1 және 3 бөлігі (Ресми құжатты қолдан жасау және қолдану) бойынша айыпталды.

"2016-2020 жылдар аралығында жұмыс істеген "Лидер-Капитал-168" ұйымына 400-ден астам адам қаржы салған. Оларға жылына 20 пайыз пайда табу уәде етілген. Клиенттерін түрлі акциямен немесе саяхат жасатамын деп алдаған,"деді аудандық соттың баспасөз қызметіндегілер.

Жапа шегушілер заңсыз ұйымға төрт жыл ішінде 3 млрд теңге ақша салған. Олардың көбі зейнеткер болып шықты. Тергеу кезінде күдікті жалпы соманың жартысын қайтарған. Бірақ сот отырысында ол кінәсін мойындамады. Оның қорғаушысы істі ҚК 214-бабына (Заңсыз банктік қызмет) ауыстыруды сұраған. Алайда өтініш қабылданбады.

"Айыпкер 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, оның қаржы ұйымдарында, банк немесе сақтандыру холдингтерінде басшылық қызмет ету құқығы 7 жылға шектелді,"— деді аудандық сот мамандары.

Сондай-ақ хабарламада сотталушыдан жапа шеккендердің пайдасына материалдық шығын өндірілгені айтылады.