Сотталған адамға тыйым салынған зат жеткізбек болған
Ақтөбе облысындағы ҚАЖ мекемесінде сотталған адамға тыйым салынған зат жеткізудің екі әрекетінің жолы кесілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиғалар №8 мекемеде "Тосқауыл" режимдік-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. 10-шы тамызда ҚАЖ департаментінің №8 мекеме қызметкерлері Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, тексеру жұмыстарын жүргізген.
Сағат 15:50 шамасында "Строй-Проф" ЖШС жүргізушісінің шалбар қалтасынан 20 мың теңге, яғни номиналы 10 мың теңгелік екі банкнот анықталып, тәркіленген. Ал сағат 16:30 шамасында мекемеге әкелінген сәлемдемені тексеру кезінде азық-түлік өнімдерінің арасындағы дөнердің ішінен сотталған адамға беруге арналған ұялы телефон табылып, тәркіленген. Осы дерек бойынша азаматшаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданған. ҚАЖ мекемесі азаматтарға белгіленген талаптарды қатаң сақтауды ескертеді. Сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасау заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.







