Қызылорда облысының бас полицейі жеке қабылдау өткізді

194
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев тұрғындарды жеке қабылдады, – деп хабарлайды Opennews.kz 


Азаматтардың құқықтарын қорғап, олардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін жедел және сапалы қарау мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт. Өтініштерді уақытылы қарап, оңтайлы шешімін табу халықтың полицияға деген сенімін арттыратыны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығының үнемі бақылауында.

Халықпен өзара іс-қимыл жасасуды және полиция қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдау өткізуде. Жұртшылықтың ішкі істер органдарына сенімділік деңгейін көтеру мақсатында тұрғындармен кері байланыс орнатуда.

Мұхтар Қожабаев үш айда 51 азаматты қабылдады. Шағым, ұсыныстарымен келген тұрғындарды мұқият тыңдап, заң аясында кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әр сауалды назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін сала басшыларына нақты тапсырмалар беруде.

Жалпы, жыл басынан Қызылорда облысы Полиция департаментіне 2500-ге жуық өтініш келіп түсті. Өтініш-тілектердің басым бөлігі оң шешімін тауып, қанағаттандырылды.

Азаматтардың әрбір өтініші бойынша тиісті тексерулер жүргізіліп, оларға міндетті түрде жазбаша түрде жауап қайтарылатын болады, – деді Мұхтар Қожабаев.