Оқу грантын ұтып, ақылы бөлімде білім алуда

242
Алматылық студент Нұрдәулет Абылайханұлы төрт жыл бойы мемлекет есебінен тегін білім алатын оқу грантын ұтып, ақылы бөлімде оқып жүр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



«Грантқа түстім» деп қуанып жүрген жасөспірім жағдайдың қалайша бұлай өрбіп кеткенін түсінбейді. Тіпті, бұл жайт ата-анасына да түсініксіз. Мән-жайды нақты білмек болып, олардың ашпаған есігі қалмаған.

С.Асфендияров атындағы Медици­на­лық университеттің 1-курс студенті Нұр­дәулет Абылайханұлы Алматыдағы №178 мектеп-лицейді бітірген. Әкесі Абы­лайхан Сопбек 1983-1985 жылдары ауған жерінде интернационал жауынгерлік борышын өтеген. Мәселенің бәрі осы ауған жерінде әскери борышын өтеуінен басталған. Та­лапкер жоғары оқу орнына құжат тапсырған сәтте әкесінің Ауған соғысына қатысқанын дәлелдейтін құжатты қоса тапсырған. Себебі оқу грантын иелену үшін аталған құжаттың қандай да бір көмегі болып қалар деп ойлаған.

Негізінде, елімізде жоғары және арнау­лы білім алу үшін ардагерлерге арнайы квота қарастырылған. Алайда бұл квота сол ұрыс қимылдарға қатысқандарға ғана ұсынылады. Екінші жағдайда бұл жеңілдік жауынгер ұрыс қимыл кезінде қаза тапқан болса, оның ұлы немесе қызына қолданылады. Бұл жерде біздің кейіпкеріміз аталған санаттың екеуіне де жатпайды. Солай бола тұра, құжат қабылдаушылар Нұрдәулеттің құжатын осы санат бойынша қабылдап алған. Артынан оған Денсаулық сақтау министрлігінің есе­бінен қаржыландырылатын аталған мем­лекеттік білім беру гранты берілген. Осы­лай­ша, «грант ұтып алып, тегін білім алатын болдым» деп қуанған талапкердің қуанышы қыркүйек басталғанда су сепкендей ба­сыл­ған. Себебі негізсіз қате берілген квоталық грант.

Қолындағы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № 20 бұйрығы негізінде берілген оқу гран­ты­ның жарамсыз екенін Нұрдәулет оқу жылы басталғанда бір-ақ білген. Уни­вер­ситет бас­шылығы студентке аталған грант серти­фикаты жоғарыдағы себептерге байланысты жарамсыз екенін алға тартқан. Амалы таусылған ата-ана университет ректорының қабылдауына кірген. Ол жерден де қуанарлық шешім естімеген. Себебі заң бәрімізге ортақ. Бірақ аталған оқу орнының басшылығы студенттің оқудан қол үзбеуін ойлап, мүмкіндігінше көмек қолын созған көрінеді. Алайда ақылы бөлімде оқытудан басқа амал жоқ екенін айтқан.

Оқу орнының ректоры жағдайға түсі­ністікпен қарады. Бірақ мұндай жағдайда ақылы бөлімге ғана оқыта алатынын айтты. Олардың бір көмегі 1 млн 200 мың теңге бір жылдық оқу ақысын, ай сайын 170 мың теңгеден бөліп төлеп тұруға жағдай жасап берді, – дейді студенттің әкесі Абылайхан Сопбек.
 

Сонымен қатар оқу орнының басшылығы жағдайды айтып, Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарласқан жөн екенін айтыпты.

Алайда Нұрдәулеттің әкесі елордаға екі рет барып, осы салаға жауапты ведомство басшысы Саясат Нұрбекке, болмаса тікелей жауапты орынбасарларының біріне жолыға алмай, тауы шағылып қайтқан.

Астанаға екі рет бардым. Қазан айының басында барғанымда «министр бос емес, тек алдын ала жазылу арқылы ғана кіре аласыз» деді. Сол күні 28 қазан күнгі қабылдауға жазылып кеттім. Сол бойынша 28 қазан күні елордаға тағы бардым. Қызық болғанда, мен министрдің қабылдауына жазылғандардың тізімінде жоқ болып шықтым. Осылайша, екі рет тауым шағылып отыр. Бірақ соңғы барғанымда министрліктің екі өкілі қабыл­дады. Олардың айтуынша, базадан техни­калық қате кеткен. Бірақ нақты кім қате­лесті, оны қалай қалпына келтіруге бола­тыны туралы мардымды жауап айта алмады. Баламның болашағына зор нұқсан келіп тұрғанын ешкімге айтып түсіндіре алмадым. Жолыққан екі маман мені қайтадан оқу орнының басшылығынан көмек сұрауымды айтып, соларға бағыт сілтеп жіберді. Олар­дың айтуынша, ректордың арнайы гранты бар екен. «Соны сұраңыз» деп шығарып салды,– дейді қамыққан әке.

Бізге шағымданған студенттің әкесі ұлының жеңілдіксіз-ақ грантқа түсе алатын мүмкіндігі болғанын айтады. Оның ай­туын­ша, Нұрдәулет дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Ол өзі оқыған мектеп-лицейде химия бағыты бойынша білім алған. Соны­мен қатар ҰБТ-дан 107 балл жинаған. Бұл жетістігімен ешқандай да жеңілдік квота­сыз-ақ С.Асфендияров университеті бол­маса да, өзге қалалардағы медициналық жоғары оқу орнының біріне түсе алар еді. Алайда еліміздегі медицина саласы бо­йын­ша көшбасшы оқу орны грант ұсынып тұр­ған соң қуана-қуана таңдаған. Бірақ қуа­нышы ұзаққа бармады. Әбігерге түскен әке­нің тағы бір реніші, Асфендияров атын­дағы Медицина университеті басшы­лығы алған гранттың күші тамыз айының аяғын­да-ақ жойылғанын айтқан.


Бірақ бізге сол уақытта бұл туралы ешкім хабардар еткен жоқ. Бәлкім, дер кезінде білгенде басқа оқу орнын таңдау секілді бір амалын қарастырар ма едік?, – дейді Абылайхан Сопбек.

Сонымен, оқу жылы басталғалы сары уайымға түскен студент пен әбігерге түскен ата-ана «әділдік салтанат құрып, кім нақты кінәлі екені анықталса» дейді. Айдың-күннің аманында шырылдап жүрген ата-ана мен жабыққан баланың тағдырына араша болып, Ғылым және жоғары білім министр­лігі құлақ асар деген үміттеміз.