"Бір жылда миллион таптым" ...

410

Фото: Алматы облысының әкіміАлматы облысының Сарқан ауданында тұратын 23 жастағы бойжеткен құрақ көрпе тігу арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отыр. Меруерт Сыбанованың тігіншілікпен кәсіби түрде айналысқанына да көп болған жоқ. Бір жыл ішінде жүзге тарта көрпе тігіп үлгерген ол миллионға жуық пайда тапқанын айтады. 

"Қолөнерге бала кезімнен икемді болғаным рас. Кішкентайымда қуыршақтарға киім тігіп, өсе келе сурет салуға, кестелеуге, тоқуға әуестене бастадым. Арнайы білімім де бар. Сарқан ауданындағы гуманитарлық колледжде "Халықтық көркем өнер шеберлігі" мамандығында оқыдым. Студент кезімде өз қолымнан шыққан бұйымдарды көрмелерге, жәрмеңкелерге апарып сататынмын. Міне, қазіргі таңда құрақ құрауға көңілім ауды. Бұл әрі кәсіп, әрі хобби", - дейді жас тігінші. 

Меруерт құрақ көрпе тігуді интернеттен үйренген. Алғашында жай қызығушылықтан басталса, бүгінде ол еңбегінің жемісін көріп, халық арасында сұранысқа ие дүниелер дайындап жүр. 

"Қазір құрақ көрпе, ши құрақ, оюлы көрпелер мен үй жабдықтарын (перде, тюль, төсек жапқыш) тігемін. Құрақ көпшілікке қиын көрінгенімен, меңгеруге оңай. Себебі, құрақтың бұл түрін өзім интернеттегі бейнежазбалар арқылы үйрендім. Бұл жерде симметриялық дәлдік, яғни, құрақ бөлшектерін дәл өлшеп қию, эстетикалық талғам, түстердің үйлесімділігін байқау талап етіледі. Осылайша, жай ғана қызығушылықтан басталған құрақ тігудің соңы тапсырыс қабылдауға жалғасты. Әртүрлі көрпе тігіп, біртіндеп тапсырыс ала бастадым. Бір жылдан аса уақыт ішінде жүзге жуық көрпе-көпшік тігіппін", - дейді шебер. 
Меруерт Несіпбайқызының айтуынша, құрақ көрпелердің құны матасы мен қиындығына қарай есептеледі. 

"Көрпенің бағасы құрақтың түріне, өлшеміне, ішіне салатын қосымша матаға қарай әртүрлі болады. Мәселен, бір көрпе 15 мыңнан басталып, 30-35 мыңға дейін баруы мүмкін. Бір көрпені тігуге екі-үш күн уақытым кетеді. Алғашында тапсырысты арзандау бағаға қабылдадым. Қазір қалыпты бағасын реттедім. Осы аралықта көрпе тігіп сату арқылы шамамен бір миллиондай пайда таптым", - дейді жас тігінші. 

Тігін өнері Меруерттің хоббиі әрі қосымша табыс көзі. Оның тұрақты жұмысы да жоқ емес. 
"Өзім аудандық АХАТ бөлімінде жұмыс істеймін. Құрақ тігуді қызығушылығым әрі қосымша қаражат деп қарастырамын. Көрпеден бөлек құдалыққа арналған қоржын, ұзатылатын қыздың үкілі тақиясы, күнделікті сәндік үшін немесе намаздағы әйел адамдардың басқа киіп жүретін тюрбандарын тігемін. Болашақта киім дизайнын меңгеріп, өзімнің жеке кәсібімді ашуды жоспарлап отырмын", - дейді ол.