Ғалым Қабдунасыров күрес түрлерінен Азия чемпионатының жартылай финалына шықты
Қазақстандық балуан Ғалым Қабдунасыров Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
60 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз ширек финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері, Оңтүстік Корея өкілі Ким Сангакты мерзімінен бұрын жеңді. Есеп - 9:0.
Ал алғашқы іріктеу сынында Қабдунасыров үндістандық қарсыласын 9:0 есебімен ұтты.
Қабдунассаровтың кезекті қарсыласы анықталу үстінде.
Айта кетейік, бүгін грек-рим күресінен Ғалым Қабдунасыровтан басқа тағы төрт балуанымыз жарыс жолына шығады. Одар - 67 келі салмақта Алматбек Аманбек, 72 келіде Николай Хапко, 82 келі дәрежесінде Евгений Поливадов және 97 келі салмақта Юсуф Мациев сынға түседі.
Естеріңізге сала кетсек, аталған күрес түрінен кеше бес балуанымыз ел намысын қорғап, оның үшеуі жүлделі орындардан көрінді.
Нақтылап айтсақ, 63 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз финалда жапониялық Аята Сузукиді жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, 87 келі салмақта сынға түскен балуанымыз Нұрсұлтан Тұрсынов ел қоржынына күміс жүлде сыйлады.
Ал тағы бір жүлдені 77 келі салмақ дәрежесінде белдескен спортшымыз Ибрагим Магомадов жеңіп алды. Ол қола медаль үшін белдесуде Иран балуанын жарыс жолынан тайдырды.
Азия чемпионатын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.