"Алтынсыз қайтпаған"…

611
Бүгінде Токиода жазғы Олимпиада ойындары өтуде. Ел тарихында Қазақстан құрамасы осымен жетінші рет жазғы Олимпиадаға қатысып отыр. Еліміздің спортшылары бұған дейін жазғы Олимпиадалардан алтын жүлдесіз қайтпаған. Қазақстан спортшыларының тәуелсіздіктің 30 жылындағы қоржынға салған жүлделерін естеріңізге сала кетеміз. 
Қазақстан жеке команда ретінде өз тарихында алғаш рет 1994 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпиадаға қатысты. Додада еліміз 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальды еншілеп қайтты. Жалпы есепте Қазақстан 24-орынға тұрақтаған еді.
 
Алтын медальды боксшы Василий Жиров, бессайыстан Александр Парыгин және грек-рим күресінен Юрий Мельниченко алды. 
Сиднейде 2000 жылы болған Жазғы Олимпиада ойындарында да Қазақстан қоржыны 3 алтын медаль, 4 күміс медальмен толықты. Ойын қорытындысы бойынша еліміз 22 орынға ие болды. 
Алтын жүлде алған спортшылар - боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов және жеңіл атлет Ольга Шишигина биік тұғырдан көрінді. 

Ал 2004 жылғы Афиныда өткен жазғы Олимпиада ойындары қазақ спортшылары үшін аса табысты болмады. Онда ел құрамасы Сидней Олимпиадасымен салыстырғанда 18 позицияға түсіп, 40-орынды місе тұтты. Бұл Олимпиадада жалғыз алтынды ел қоржынына боксшы Бақтияр Артаев салды. Мұнан басқа 4 күміс, 3 қола медаль болды. 

2008 жылы Бейжің Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары 2 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде алып, жалпы командалық есепте 29-орынды иеленді. Ауыр атлетика жарысында табысты өнер көрсеткен спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алды. Бокстан 1 алтын, 1 қола және күрестен 1 күміс, 4 қола медаль бұйырды. Алайда 2016 жылы қазақстандық 5 спортшы допинг қолдану бойынша дауға қалып, өз медальдарынан айырылды.
 
2012 жылы Лондонда өткен жазғы Олимпиада Қазақстан спорттың 20 түрінен қатысуға мүмкіндік алған. Елімізге 11 жүлде бұйырды. Оның 3-і алтын болса, 1-і күміс, 7-і қола болды. Қазақстан ауыр атлетикадан алған жүлделерінен айырылуы себепті жалпы есепте 12-орыннан 24 орынға тұрақтады. Алтын медальды ел қанжығасына велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және боксшы Серік Сәпиев байлады.