Қазақстан футболында ақша қалай ұрланған?

2 542

Фото: MidjourneyҚазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығы кезінде жасалған заңбұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубына жүргізілген прокурорлық тексеріс нәтижесінде басқарудағы тиімсіздік пен 3 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.


"Оның қатарында негізсіз сыйақы төлеу, инфрақұрылым нысанын салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру деректері бар", - деп жазылған хабарламада.

Федерацияның бұрынғы басшылығы кейбір қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден аса сомада негізсіз сыйақы төлеген.

Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында да іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлемдер жасалған. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған. Сонымен қатар, 135 млн теңгеге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы да күмән тудырған. Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген.

"Ордабасы", "Ақтөбе" және "Жетісу" футбол клубтарындағы тексеріс нәтижесінде де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі заңбұзушылық анықталған.

"Соталды тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді", - деп жазылған хабарламада.