Аймақта Auyl Sport‑2025 атты спорттық шара өтіп, жас спортшылар арасында жарыстар ұйымдастырылды.
Қазақстанда ауыл балаларына үлкен спортқа жол ашатын Auyl Sport-2025 турнирі басталды. Биылғы дода қасиетті Сыр өңірінде шымылдығын түрді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
11 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өтетін сайыстың алғашқы кезеңінде Қызылорда облысынан 500-ден аса жас спортшы 7 спорт түрінде бақ сынады. Каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат және үстел теннисінен өткен жарыстарда 73 алтын, 73 күміс және 90 қола медаль сарапқа салынды.
Жаңақорған ауданы жеңіс туын желбіретіп, 17 алтын, 18 күміс, 5 қоламен жалпы есепте көш бастады. Қазалы жастары да намысты қолдан бермей, 16 алтын, 6 күміс, 10 қоланы қанжығасына байлады. Қармақшының өрендері 14 алтынды олжалады. Шиелі, Арал, Жалағаш, Сырдария, Шіркейлі, Талсуат, Қызылжарма және өзге де ауылдардың жастары жеңіс тұғырынан көрініп, Сыр спортының абыройын асқақтатты.
Келесі кезеңде қызылордалықтар 3-6 қарашада Алматыда өтетін республикалық финалда бақ сынайды.
Жергілікті билік бұл бастаманы өңір спорты үшін үлкен серпін деп бағалады.
Бокстан жарысқа қатысқан 13 жастағы Нұрдәулет толқынысын жасырған жоқ.







