Белгісіз біреу Криштиану Роналдудың мүсінін өртеген
Белгісіз адам атақты португалиялық футбол аңызы Криштиану Роналдудың Мадейра аралындағы музейі маңында орналасқан мүсініне өрт қойған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Ер адам мүсінге жанғыш сұйықтық құйып, әрекетін видеоға түсірген. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан оның мүсінге от қойғаннан кейін бейәдеп қимылдар жасап, би билегенін көруге болады.
Күдікті видеоны жариялап, астына: "Бұл Құдайдың Криштиану үшін соңғы ескертуі" деген жазба қалдырған.
Мадейра полициясы күдіктінің жеке басы анықталғанын хабарлады.
Айта кетейік, аталмыш мүсін 2014 жылы Криштиану Роналдудың өзінің қатысуымен бой көтерген. Мүсіннің биіктігі 2,4 метр, қоладан қапталған.







