15 жастағы қазақстандық спортшы ауыр атлетикадан әлем чемпионаты атанды

2 507

Фото:©Спорт министрлігіКолумбияның Кали қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық Нұржан Жұмабай топ жарды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

15 жастағы спортшы 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, әлем рекордын жаңартқан.
Қазақстан ауыр атлетикасы федерациясының мәліметінше, Нұржан қос сайыс қорытындысында 348 келіні (155+193) бағындырып, қарсыластарынан басым түсті. Ол жұлқа көтеруде 155 келіні, ал серпе көтеруде 193 келіні еңсеріп, жалпы есепте әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар, Жұмабай серпе көтеру жаттығуында 193 келіні бағындырып, өз жас санатындағы әлем рекордын орнатты. Бұл көрсеткіш турнирдің басты жетістіктерінің бірі болған. Күміс жүлдені Испания өкілі Эрик Гуадамуд Пико иеленді. Ол қос сайыс нәтижесінде 344 келі көтерді. Ал Мексикадан келген Хосе Орландо Мантилья 335 келі нәтижемен қола медальға қол жеткізген. Нұржан Жұмабайдың жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы жарысы және бірден алтын медальмен аяқталған дебюті. Бұған дейін Нұржан Жұмабай 2025 жылы 17 жасқа дейінгі Азия чемпионатында 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын. Сол жарыста ол қос сайыста 315 келі көтеріп, серпе көтеруде 175 келі нәтижемен Азия рекордын жаңартқан еді.