ШИЕЛІ АУДАНЫНДА БАЛА БИ БАБА АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
292
Бүгін Шиелі ауданында Бала би баба атындағы қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өтетін Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Еліміздің 10 облысынан 200-ден астам жас палуан қатысатын турнирдің салтанатты рәсімінде аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, балғын палуандарға сәттілік тіледі.
- Бүгінде ауданда қазақ күресімен 1000-ға жуық палуандар мен жаттықтырушылар жұмыс жасауда. Ауданымызда жас спортшыларды қолдау мақсатында жыл сайын республикалық деңгейде турнирлер өткізіліп келеді. Спорттық сайыстардың жүйелі ұйымдастырылуының нәтижесінде аудан спортшылары Қазақстан чемпионаттарында, азия, және әлем біріншіліктерінде ел намысын асқақтатуда. Бүгінгі спорттық шараның ұйымдастырылуына бастамашыл болып, демеушілік көрсетіп жүрген Шиелі ауданның «Құрметті азаматы» Әлімқұлов Темірхан Мәлікұлына және барлық команда жетекшілеріне алғысымызды білдіремін. Қазақ күресінен Бала би атындағы жасөспірімдер арасында өткізіліп отырған Республикалық турнирді ашық деп жариялаймын, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Бала би бабамыздың құрметіне арналып, республикалық деңгейде өтіп жатқан турнир ауданда 11-ші мәрте өткізілуде.
Сондай-ақ, биылғы жылы спортшыларымызға қолайлы жағдай жасап, бұқаралық және кәсіби спортты одан әрі дамыту мақсатында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен бюджеттен барлығы 1 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Жаңадан Шиелі кентінен заманауи талаптарға сәйкес 180 орындық спорт сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алып, Көкшоқы мөлтек ауданында спорт кешенінің және Балаби ауылындағы спорт мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.