32:0: «Оқжетпес» «Қайсарды» оңдырмай жеңді
Қызылордалық әйелдер футбол клубы көкшетаулықтарға оңдырмай есе жіберді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қазақстан чемпионатында қызылордалық «Қайсарға» қарсы ойында Көкшетаулық «Оқжетпес» әйелдер футбол клубы өз тарихындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді.
«Көкшетауда өткен 13-турдың кездесуінде алаң иелері 32:0 есебімен жеңіске жеткен. Бірінші таймда 17 гол соғылған. Ойсырата жеңілген «Қызылорда» қыздар футбол командасының атын таблоға «Қайсар» деп жазылуы жанкүйерлер арасында әлеуметтік желіде қызу талқылауға түсті:
«Қайсарлықтар алаңға шықпаған ба?»
«Бірінші таймнан соң алаңға шықпағандары дұрыс еді»
«Әйел мен футбол сәйкес келмейтін ұғым», -деп пікір қалдырды.
Сонымен Сыр спортының мұндай есеп жіберуінің себебі неде? Қызылордалық әйелдер футбол командасының осалдығының сырын түсіндірген «Қайсар» ФК ресми өкілінің айтуынша,
««Қайсар» футбол клубында кәсіби қыздар командасы біздің құрылымда жоқ. «Оқжетпес» «Қайсарды» жеңе алмағандықтан арнайы жасалған. «Қайсардың» логотипін пайдаланғаны үшін біздің тараптан арнайы хат жолдануда. Шындығында Көкшетауда бақ сынасқан «Қызылорда» қыздар футбол командасы онда қатысқан қыздар мектеп оқушылары болатын.»,- деді «Қайсар» футбол клубының баспасөз хатшысы.
Осы жеңістен кейін «Оқжетпес» 38 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында тұр. Қоржынында бір ұпайы бар «Қызылорда» соңғы, алтыншы орынға жайғасқаны белгілі болды. Десек те, облысымыздың намысын қорғауға мектеп оқушыларын жіберуінің басты себебі қаржы мәселесі екендігін жасырмаған бапкер ойын алаңына шыққан 13-15жас аралығындағы оқушылар екендігін атап өтті.
«Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы тарапынан қаржылай көмектің болмауы басты себеп. Жергілікті билік ойыншыларға айлық бере алмайтын болғандықтан біз оқушы қыздарды алып шықтық. Алайда бізге қарсы ойнап отырған «легионерлер» болатын.»,- дейді «Қызылорда» қыздар футбол командасының бас бапкері Берік Сансызбаев.