Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді

1 967
Алаштың ардақты азаматының мерейтойы әлемнің бірнеше елінде кең ауқыммен тойланды, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды.

2021 жылғы 9 қарашада Үкімет арнайы қаулы шығарып, осы мерейтойды ұйымдастырып өткізуге төрағасы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары басқарған жауапты комиссияның құрамын бекіткен болатын.

Осы комиссия Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар әзірлеген. Аталған жоспардың жобасында 63 пункттен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылған.

Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кескінделген пошта маркалары мен Ұлттық банк монеталарын шығарудан бастап, жол жөндеуге дейінгі нақты шаралар өтті.

Олар:
- ғылыми конференция, симпозиум, форум түріндегі, онлайн және оффлайн форматтағы жиындар;
- ғалымның еңбектерін әлемнің танымал тілдерінде басып шығарып, халыққа таратуға бағытталған 8 шара;
- айтыс, мүшәйра, фестиваль, конкурс форматындағы республикалық және өңірлік деңгейдегі 12 байқау;
- Ахмет мұрасын сахналық қойылым, кино, спектакль арқылы дәріптеуге арналған шаралар;
- халықаралық деңгейдегі 7 ауқымды шара;
- ақпараттық-имидждік бағыттағы шаралар;
- сәулет және реставрациялық бағыттағы 7 шара.

Жоспарда жыл аяғына дейін Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсіру қажеттігі де айтылған.

Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындау ұсынылып отыр.

Облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелер мен даңғылдарға мерейтой иесінің есімін беру үшін өңірлік ономастика комиссиялары белсенді жұмыс істеуі қажет.

Халықаралық деңгейдегі іс-шараларға келсек, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстанбұл қаласында дөңгелек үстел мен фотокөрме ұйымдастыру көзделген.

Ал, басты шараның діңгегі - ЮНЕСКО ұйымының штаб пәтері орналасқан Париж қаласында өткізілмек.

Комиссия мүшелері осы жалпыреспубликалық жоспар аясында Сыртқы істер министрлігіне Түркияның Анкара қаласы мен Ресей Федерациясының Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды ұсынған.

Сонымен қатар, Әзербайжан астанасында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өткізу жоспарланған.

Ақпараттық-имидждік бағыттағы шаралардың ішінде арнайы портал құру бастамасын бөліп айтуға болады.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің базасында қайраткер тұлғаның өмірін, қызметі мен мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы құрылмақ.

Сәулет-рестврациялық бағыттағы жұмыстардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының есімін алған музей-үйлерді реставрациялау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында Ұлт ұстазына арнап ескерткіш орнату, Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы Ахаң туған үйді қалпына келтіріп, музей-үй етіп ашу және Байтұрсын әулетінің қорымын қоршау, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу сияқты шаралар қамтылған.

«Бұл тойдан ізгілікті із қалуы керек»

Осы мәселенің басы-қасында жүрген, айтулы датаның ЮНЕСКО көлемінде лайықты тойлану қажеттігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, қозғау салған сенатор Алтынбек Нұхұлының айтуынша, бұл жоспарға қосымша ұсыныстар енгізілуі мүмкін.

«Жалпыреспубликалық жоспарға енген шаралардың бәрін қағаз жүзінде орындауға болады. Алайда, біз жоспарға енген дүниенің бәрін сапалы өткізуге атсалыссақ деп ниеттеніп, бірнеше депутат пен зиялы қауым өкілдерінен құралған қоғамдық кеңес құрып отырмыз. Ахаң атындағы халықаралық қор да құрылып жатыр. Алғашқы отырысымызда айтылған ұсыныстардың бірі - ұлт үшін туған арда азамат, біртуар тұлға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мәдени әрі ғылыми орталық Елордада ашылса деген ниет. Сонымен қатар, кіндік қаны тамған ауылындағы мұражай үйін дұрыстап қалыпқа келтіру мәселесі. Ахмет туған ауыл мен Қостанай қаласының арасы – 665 шақырым. Ал, аудан орталығы Торғай мен ауылға апаратын грейдер жолдың 100 шақырымнан астамына асфальт төсеу қажет. Қазір 10 шақырымнан астамына ақша бөлінді. Енді қалғанына қаражат бөлгізу керек болып отыр», - дейді депутат.

Сондай-ақ, сенатор әуелде республика көлемінде өтеді деп жоспарланған «Ахаң жүріп өткен жол» экспедициясы халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтады.

Ол үшін ғалымның табаны тиген мемлекеттердің нақты тізімі айқындалып жатқан көрінеді.


«Конференция, айтыс, конкурстар өз алдына өтеді ғой. Бірақ бұл тойдан ізгілікті із қалуы керек. Ол үшін ескерткіштер орнатылып, құнды кітаптар басып шығарылуы қажет. Білім және ғылым министрімен жүзбе-жүз сөйлестік. Бұл саладағы мекемелер - жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер, ғылыми-зерттеу институттары көрсетілген іс-шараларда атсалысатындығы, сонымен қатар арнайы медаль шығарылып, Ахаң атындағы стипендия тағайындалмақшы. Тағы бір үлкен дүние – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен Ахмет Байтұрсынұлы туралы арнайы кітап дайындап жатыр. «Алаш» орталығының басшысы Сұлтанхан Аққұлұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы музей үйінің директоры Райхан Имаханбет бастаған топ 12 томдығын дайындауда. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 5 томдық академиялық толық шығармаларын дайындап жатыр. Ахаңның ел тарихында атқарған баға жетпес жан-жақты істерін жаңа қырынан көрсететін еңбектер өмірге келуі керек. Мерейтой соңынан қалатын із деп осыларды айтуға болады», - дейді Алтынбек Нұхұлы.


Қазақстан Ұлттық банкі AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL және TALǴAT BIGELDINOV. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастырады.

AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL коллекциялық монеталары туралы

Монетаның бет жағындағы (аверсі) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Жиегінде айналдыра – QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу бар. Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін жазу бар: күмістен жасалған монетада – 500 TEŃGE, мельхиор қоспасынан жасалған монетада – 100 TEŃGE. Сол жағында монета жасалған металды және оның сынамасын білдіретін Ag 925 деген жазу, оң жағында массаны білдіретін 24 g деген жазу орналасқан.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) Ахмет Байтұрсыновтың плакаттық графика стилінде орындалған портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің оң жағында кітаптың стильдендірілген кескін жақтауында 150 JYL және Ahmet Baıtursynuly жазулары бар. Жоғарғы бөлігінде ҚҰБ логотипі мен соғылған жылы – 2022 бейнеленген. Төменгі бөлігінде – қылқалам бейнесі, Ахмет Байтұрсыновтың өмір сүрген жылдары – 1872 және 1937 жж., төменгі бөлігінде қылқалам бейнесінің астында Bilim álemdi qutqarady жазуы орналасқан.

Монеталар:

- күміс монетаның массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы – 500 теңгелік, дайындау таралымы – 2 000 дана;

Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған монеталардың бейнесі

- МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған монета массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 20 000 дана.

Номиналы 100 теңгелік мельхиордан жасалған монеталардың бейнесі

TALǴAT BIGELDINOV. 100 JYL коллекциялық монеталары туралы

Монетаның бет жағындағы (аверсі) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Төменгі жағында – монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE, жиегін айналдыра – QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу берілген

Монетаның сырт жағында (реверсінде) Ұлы Отан соғысының аяқталу уақытына байланысты Талғат Бигелдиновтің портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің сол жағында – шабуылдаушы ұшақтар мен 100 JYL жазуы бар. Портрет бейнесінің астында Талғат Бигелдиновтің туған жылы – 1922 және монетаның соғылған жылы – 2022 сандық белгілері, сондай-ақ TALǴAT BIGELDINOV жазуы орналасқан. Барлық жазу жұлдыздармен бөлінген.

МН 25 мельхиор қоспасынан тұратын коллекциялық монеталардың массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 15 000 дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнымен төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ барлық банкте банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.

Күмістен жасалған монеталар мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификаты бар кәдесый орамында шығарылады. Мельхиор қоспасынан жасалған монеталар жеке блистерлік орамда шығарылады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.