Қызылордаға халықаралық көне көліктер керуені келді
Әлемнің 22 елінен ретротехникаға қызығушылық танытқан 287 адамнан тұратын «Бейжің - Париж 2024» автошеруі Қызылорда қаласында болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Қытай астанасы Бейжің қаласынан 18 мамырда жолға шыққан автошеруге қатысушылар екі аптадай уақыттан кейін Қызылорда қаласында аялдады. Көне көліктердің ішінде ең ескісі 110 жыл бұрын шығарылған американдық «LaFrance» көлігі екен. Автокөліктердің орташа жасы 88 жылды құрайды.
Автошеруге қатысушылар Бейжіңнен шыққан кейін Үрімші арқылы Қазақстан шекарасына өткен. Содан бері Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарын басып өтіп, Қызылорда қаласына келді. Аталған шара кезінде полицейлер қауіпсіздік шараларын, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Шеруге қатысушылар тәртіп сақшыларына алғыс білдірді. Енді олар Ақтау арқылы Бакуге өтіп, шеруді 23-маусымда Парижде аяқтайды. Арақашықтығы - 14 мың шақырым.