Елімізде алғаш рет жас мамандарға арналған «Jas Kenes Siylygy» байқауы өтеді
Бүгін Астанада «Jas Kenes Siylygy» жаңа жобасы таныстырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Байқау – ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы. Бастама жас мамандарды қолдауға және ынталандыруға бағытталған.
Конкурсқа 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар қатыса алады. Өтінімдер «Janqiarlyq», «Altyn jürek», «Önerkäsıp», «Bolaşaq turaly qamqorlyq», «Adamgerşılık», «Kömek qoly» және «Bızdıñ üi» деп аталатын 7 номинация бойынша қабылданады.
Негізгі ақпараттан басқа, үміткерлер ұсыныс пен мотивациялық хат ұсынуы керек. Іріктеуден кейін сыйлықтың құрылтайшыларымен сұхбат болады. Нәтижесінде әр номинация бойынша екі жеңімпаз таңдалады. «Jas Kenes Siylygy» лауреаттары 1 миллион теңге сыйақы алады.
Конкурсқа қатысуға өтінім қабылдау 2024 жылғы 18 маусымнан 21 шілдеге дейін жалғасады. Өтінімді Jaskenes.kz/application сайтында беруге болады.
Сыйлықтың құрылтайшысы – ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесі. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.