Кенен Әзірбаевтың еш жерде жарияланбаған суреттері табылды
Қазақ пен қырғызға бірдей танылып, Алатаудың дүлділі атанған белгілі композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл – 140 жыл. Мерейтой қарсаңында ақынның жәдігерлері, эксклюзивті фотосуреттері табылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кенен есімін күллі қазақ Алатау баурайын әнге бөлеген нәзік өнердің өкілі ретінде таниды. Ал, оның ел ісіне етене араласып, туған еліне қатысты тағдыркесті шешімдердің ортасында жүргенін бірі білсе, бірі білмес.
1963 жылдың 12 қарашасында түсірілген сурет те ақынның сол қайраткерлік қырынан хабар береді. Суретті сол кездегі Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің фототілшісі Тілеумағамбет Елемісов Қордай ауданының Киров атындағы колхозында Георгиевка кендір өңдеу зауытының еңбеккерлері мен жұмысшыларына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп болған соң демалып отырған жерінен түсіріп алған.
Бүгінде бұл сурет облыстың мемлекеттік архивінің қорында сақтаулы. Кенен атамыздың суретінен бөлек, бұл қорда сол кездегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, майдангер-жазушы Құрманбек Сағындықовпен түскен суреті де бар.
Ақынның азаматтық болмысы мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Ұлт-азаттық көтеріліс жылдары қазақтың ірі байларын тәркілеп, ауылды ұжымдастырамыз деген өкіметтің шешімі елдің халін нашарлатып, азықсыз қалдырғанын көрген Кенен Қордай жеріндегі Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген. Көтеріліс басшысы Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген. Осы жылдары шығарған «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері – қазақ өнерінің алтын қорына айналған дүниелер. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты «Әли батыр» атты дастанын дүниеге әкелді.
Қордай жеріндегі көтерілістен кейін ақын қудалауға да ұшырайды. Дегенмен, дер кезінде тау асып, қырғыз елінде бірнеше жыл паналап, елге қайта оралады.